Футбол • 14 Қараша, 2018

Жанкүйеріңді қуанта бер, «Тобыл»!

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайлықтар қуанышы жанында күздің ықтасын іздетер қара суығының ызғары да білінбеген тәрізді. Орталық стадионда «Тобыл» Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар» командасымен биылғы соңғы кездесуін өткізіп, 3:0 есебімен ұтты. 

Жанкүйеріңді қуанта бер, «Тобыл»!

«Тобыл» «Қызылжарды» осылай ойсырата жеңіп, стадионда қара суыққа қарсы қарап, ойынның әр сәтін бағып отырған жанкүйерлерін қуа­нышпен жылытып жібер­гендей болды. Бірақ «То­был» жанкүйерлерінің бас­ты қуа­нышы бұл емес еді. Команда биыл ел чемпионатында үшінші орынды жеңіп алды. Бұл «Тобыл» командасының 8 жылдан кейінгі шығып отыр­ған биігі болатын. Осы­ған орай Қос­танай қала­сындағы Е.Өмір­­зақов атындағы облыс­тық филармонияда командаға құр­мет көрсетілді. 

Қазақстан футболының аңызы, Сейілда Байшақов «Тобыл» командасының мү­шелеріне, басшыларына, қыз­меткерлеріне қола медаль тапсырды. Футбол спортының мерейлі сәтіне арналған салтанатта облыс әкімі Архимед Мұхамбетов футболшылар мен жанкүйерлерді биылғы табысымен құттықтады. 

– Қазақстан чем­пио­на­тындағы табысымыз үлкен еңбектің арқасында мүмкін болды. Алдымен фут­бол­шыларға, барлық бапкерлерге рахмет айтамын. Әкім­ші­лік тарапынан да футболға жасап отырған жағдайды жанкүйерлер көріп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұ­рын стадион күтімсіз, стан­дарт­қа сай келмейтін. Біз алғаш­қы жылдан-ақ қар­жыны ин­фрақұрылымды жақ­сартуға жұмсадық, бәрін орнына келтірдік. Бүгін орталық стадион толық жөн­деуден өткізілді, УЕФА-ның барлық стандарттарына сай келеді. Затобол кентіндегі, Ар­қалық, Рудный қалала­рындағы стадиондар да жаңа талаппен жөнделді. Бүгінде Рудный қаласында тұтас спорт кеше­нінің құ­рылысы жүріп жатыр, онда да футбол алаңдары бар. Осындай жұ­мыстардың бола­шақ жеңіс­тердің де ал­ғы­шартына айналатыны сөзсіз, – деді Архимед Беге­жанұлы. 

Салтанатта команда ка­питаны, есімі облыстан сырт жерлерге де танымал футбол­шы Нұрбол Жұмасқалиев жанкүйерлері мен әріптестерін жеңісімен құттықтады. Со­ны­мен қатар өзінің футбол мансабын «Тобылдың» өз алаңында «Қызылжар» командасымен кездесуімен аяқтағанын хабарлады. Ол осы ойында да «Қызылжар» қақпасына «Тобылдың» бір добын өзі салған болатын.

Айтпақшы, облыстың «То­был-2000» жас­тар құ­рамасы да футбол ор­та­лықтары арасында өткен Қа­зақ­стан чемпионатында «ағасының» жо­лымен үшінші орын алды.

Ал футбол салтанаты эс­трада өнер­паздарының әні­мен өрнектелді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ