Хоккей • 14 Қараша, 2018

«Барыс» үшінші орынға көтерілді

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Барыс» командасы турнирдің кезекті турында сырт алаңда «Сибирь» командасына қарсы ойнап, овертаймда жеңіске жетті.

«Барыс» үшінші орынға көтерілді

Ресейдің Новосібір қаласында өткен матчта «Барыс» 1:2 есебімен қарсыласынан басым түсті. Ойынның төртінші минутында «Барыстың» швециялық ойыншысы Андре Петерссон есепті ашса, 16-минутта Даррен Диц қарсылас қақпасына екінші шайба соққан болатын, бірақ төрешілер голды есептемей қойды. Екінші кезеңнің орта тұсында «Сибирь» хоккейшісі Дмитрий Саюстов есепті теңестіріп кетті. Осылайша, ойынның негізгі кезеңі тең есеппен аяқталды. 

Жеңімпазды анықтау үшін берілген қосымша уақытта «Барыстың» бағы жанды. 64-минутта Кертис Волк шайба соғып, елорда командасына маңызды ұпай сыйлады. Бұл жеңістен соң Астана командасы 39 ұпаймен ҚХЛ-дің турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. «Барыс» келесі кездесуін 14-қарашада Астанадағы «Барыс Арена» мұзайдынында «Амур» командасымен өткізеді.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ, 

«Егемен Қазақстан»