Қазақстан • 15 Қараша, 2018

Антиядролық қозғалыстың 30 жылдығына арналды

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Бей­бітшілік эстафетасы − жастарға!» деп аталған жастардың антиядролық онлайн-форумы өтті. Аталған шара «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жыл­дығына арналды.  

Антиядролық қозғалыстың 30 жылдығына арналды

Халықаралық деңгейде өткен жиынға «Невада-Семей» халық­аралық антиядролық қозға­лысының төрағасы, ақын Олжас Сүлейменов қатысты. Форумда сөз алған мәртебелі мейман Қа­зақ­стандағы антиядролық қоз­ға­лыстың басталуына 1989 жыл­дың 19 қазанында Қара­ғанды кеншілерінің жаппай ереуілге шығуы мұрындық бол­ға­нын атап өтті. «Енді, міне, 30 жыл бұрынғыдай Қарағанды, ҚарМТУ өзге облыстардың ішін­де алғашқы болып, бұл форумды ұйымдастырып отыр», деді О.Сүлейменов.

Антиядролық қозғалыстың белсендісі, АТОМ жобасының құрметті елшісі, суретші Кәріп­бек Күйіков өткен күндерді еске алып, өзінің туған жерінде жа­салған сынақ жарылыстарынан қарапайым халықтың қандай зардап шеккенін айтты. «Ондаған жылдар бойы жасалып келген ядролық сынақтар қазір тыйылса да, адамдар әлі күнге дейін жарылыстардың зардаптарын ойлап, қатты уайымдайды», деді ол. Сөзінің аяғында ол бүгінгі жастардың эстафетаны қолға нық алып, аға буын өкілдері бастаған істі лайықты жалғастырарына сенім білдірді.

Жиын барысында сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Сыртқы істер министрі, сая­си ғылымдар докторы, Қа­зақ­­­стан Президенті жанын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының профессоры Т.Сү­лейменов, Павлодардағы «Са­мал» сауықтыру орталығының дирек­торы З.Багненко және бас­қалар мазмұнды баяндама жасады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ