Өнер • 15 Қараша, 2018

Алматыда Құрманғазының 200 жылдығына арналған дәстүрлі музыка фестивалі аяқталды

905 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның барлық аймағында жыл бойы аталып өтіп келе жатқан ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына арналған шаралар жиынтығының ауқымдысы өзі атын иеленіп отырған Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда жалғасын тапты. 

Алматыда Құрманғазының 200 жылдығына арналған дәстүрлі музыка фестивалі аяқталды

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Бабадан аманат» атты дәстүрлі музыка фестивалі аясында өткен «Дәстүрлі музыка: тарих және теория мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өзіне дейінгі барлық шараларды әрі толықтырып, әрі түйіндегендей болды. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді күйшілік өнер қалыптасқан көрші елдерде композитор мұрасын зерттеумен айналысатын және күй өнерін зерделейтін белгілі ғалымдар, танымал музыка мамандары, сондай-ақ Астана, Атырау, Орал қалаларынан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Ғылыми конференцияны ашқан ұлттық Консерваторияның ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев қазақ ұлттық музыка өнерінде айырықша орын алатын күрескер күйші, дәулескер домбырашы Құрманғазының рухты шығармаларының табиғаты мен тарихына аз-кем тоқталып өтті. «Бүгін біздің талай дүлдүлді баптаған киелі шаңырағымызда күйші бабамыз Құрманғазының 200 жылдық мерейтойы құрметіне екі бірдей үлкен шараның шымылдығы түріліп отыр. Оның бірі «Бабадан аманат» атты дәстүрлі музыка фестивалі болса, енді бірі осы фестиваль аясында алыс-жақындағы музыка майталмандарының басын қосып, күй және күйшілік өнер туралы ғылыми пайым мен тұжырымдамалар жасалатын халықаралық ғылыми конференция мәдениетіміздегі айтулы оқиға болып отыр. Алдағы жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялады, сол себепті бабадан қалған мұраны жастар жалғастырсын, қасиетін-киесін сезінсін деген ниетпен ауқымды шараны студенттеріміз бен жас ғалымдарымызды қатыстыра өткізіп отырмыз. Ұлттық болмысымызды жаңғырту мүддесінде бұл фестивальдің маңызы зор» деді Арман Жүдебаев.

Ғылыми конференцияда Сержан Шәкірат, Едіге Нәбиев, Алмас Алматов, Қатимолла Бердіғалиев, Айтжан Тоқтағанов, Орынбай Дүйсен секілді белгілі күйшілер мен жыршы, фольклор танушылар да  қатысып, Құрманғазы тұлғасы арқылы жалпы күйшілік өнердің өрісі мен өркендеуі туралы салмақты әңгіме өрбітті.

П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры, өнертану докторы  Виолетта Юнусова Азиядағы дәстүрлі музыка тарихының заманауи ғылыми бағыттармен тоқайласуы туралы әңгімелесе, дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің маңызы мен дамуы жөнінде профессор Саида Еламанова ой өрбітті.

Сондай-ақ конференцияда Динаның орындаушылық мәнері, Ақан серінің әндеріндегі сопылық сарын, Жетісудың оңтүстік-батысындағы ән фольклорының қазіргі таңдағы жай-күйі, Сыр өңіріндегі жыраулық дәстүрдің зерттелуі, Арқа домбырасының пернелік жүйесі туралы музыка зерттеушілері мен болашақ ғылым магистрлері мазмұнды баяндамалар жасады. Күйді орындау өнеріндегі жеке талғам да сөз болмай қалған жоқ. Мәселен, Қазанғап күйшілік мектебінің көрнекті өкілі Бақыт Басығараевтың, күйші Рысбай Ғабдиевтің, Қызырбек Жанасылұлының, Айтбай Мұздахановтың, Айтқали Жайымовтың, Мағауия Хамзиннің, Құрақтың Досжанының күйлері мен өзіне тән ерекшеліктерін, күй өнеріндегі орны мен музыкаға қосқан үлесін өнертанушы мамандар қызықты деректер мен мәлеметтер негізінде әңгімелеп берді.  

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ