Ауыл • 16 Қараша, 2018

Семейде аулалар жөнделуде

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Менің аулам» бағдарламасы бойынша Семей­де 9 аула жөнделді. Облыс әкі­мі Даниал Ахметов Семей қа­ласына жұмыс сапары кезінде Қос­танай, 79 және Мамай батыр, 92 мекенжайларында болып, жыл сайын аулаларды жөндеуге миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатындығын айтты. Осы аталған көшелердегі көппәтерлі үйлерде тұратын семейлік отбасылар үшін «Менің аулам» бағдарламасының орындалуы айрықша қуаныш болды. 

Семейде аулалар жөнделуде

Тұрғындар аулаларына жи­на­лып, ризашылықтарын біл­дір­ді. Тұрғындар атынан сөз алған ПИК төрайымы Діл­дә Желдібаева Даниал Кен­же­тай­­ұлына аулаларға жағ­дай жасап қана қоймай, бейне­бақылау камераларын да орнат­қандықтарын айта кетті.

− Елбасымыз биылғы Жол­­­дауын­да халықтың әл-ауқа­­тын арттыруды тапсырып отыр, біз бұл міндеттерді орындауымыз қажет. Балалар ойнайтын алаңдар, кешке қарай ақсақалдар бас қосатын орындар болуы керек. Міне, 100 түп көшет отырғыздық деп жа­тыр, бұл тамаша іс. Енді Семейдің сыр­тындағы аралды да қа­лыпқа келтіріп, саламатты түрде демалатын орынға ай­налдырамыз. Бейнебақылау камералары бар аулалар Өскеменде де, Семейде де болады. Осы арқылы дамыған елдердің мәдениетіне жетеміз, аулаларды көріктендіруді жыл­ма-жыл жалғап отырамыз, − деді Даниал Ахметов. 

Айта кету керек, қалада ал­ғаш­қы 9 аула жөнделуі үшін 611 миллион теңге қаражат қарас­тырылған. Қазіргі уақытта 405 миллион теңге нақты 6 аула үшін берілген. Қалған үш ауланың жоба-сметалық жұ­мыстары қарас­тырылуда. Алда тағы да аулалар жөнделуі үшін қаржылар қарас­тырылмақ.

− «Менің аулам» бағдарла­ма­­сы 3 жылға негіздел­ген. Осы үш жыл ішінде қалада 62 бір­лескен аулаларды жөндеу көз­деліп отыр, − деді қала әкімі Ер­мак Сәлімов, − жөнделетін аулалар комиссия арқылы таң­да­лып алынды. Басты талап − ауланың кең аумағы және же­кеменшік ПИК жетекшілігі болуы керек. Қариялар отырып демалатын орындықтар, ба­лалар ойнайтын алаңқайлар, спортпен айналысуға болатын баскетбол, волейбол, футбол алаңдары, ауланың жарықпен қамтылуы сияқты көптеген маңызды дүние­лер осының ішіне кіреді.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан» 

СЕМЕЙ