Өнер • 19 Қараша, 2018

«Ко­рей хал­қының дәс­түрлі маскалары» көр­ме­сі ашы­лды

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлт­тық музейде Қазақ­­стан­дағы Корея Рес­­пуб­лика­сы­ның елшілігі мен Қа­зақстан Рес­публикасы Ұлттық музейі бірлесіп ұйым­дастырған «Ко­рей хал­қының дәс­түрлі маскалары» көр­ме­сінің салтанатты ашы­луы болды. 

«Ко­рей хал­қының дәс­түрлі маскалары» көр­ме­сі ашы­лды

Көрмеге корей халқының «Хахве Бёльсингут Таль­нори», «Бонсан Тальчум», «Суён Яру» және басқа да театр­лан­дырылған дәстүрлі би қойылымдарында қолда­нылатын маскалар қойылды.

«Бұл көрме – екі ел ара­сындағы мәдени-достық тығыз қарым-қатынастың айқын көрінісі. Маскалар шеруі арқылы корей елі­нің мәдениетімен, өзін­дік ерекшеліктерімен жақы­нырақ танысуға болады. Бүгінгі көрменің тақырыбы да ерекше. Корей халқының тамыры терең тарихынан сыр шертеді. Айтулы шара көпшілік көңілінен шығып, келушілер тарапынан оң бағасын аларына сенемін. Алдағы уақытта да тың бастамаларды бірлесе жүзеге асырып, жаңа шығармашылық жобаларға жол ашамыз деген ниеттеміз», деді көр­ме­нің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.  

Маска мәдениеті барлық халықта бар. Өнер әлемінің осынау айрықша түрін жер шарының түкпір-түкпіріне кездестіруге болады. Алайда олар әр ел­де өзіндік ерек­шелікке ие. Бай тарихы сонау ежелгі Грекия мен Италия жерінен бас­тау алып, кейін әйгілі «дель арте» комедиялық театры­ның қалыптасуына негіз болып, атағы күллі әлемге жайылған өнер туын­­ды­сының әр халықтың мә­дениеті мен өмір сүру қа­лы­бынан, дәстүр мен ді­лінен алар орны айрықша. Соның ішінде, әсіресе корейлер өміріндегі мәні мен маңызы зор. Келбеті үрей тудыратын құдайлар мен жануарлар бейнеленген өз­ге елдердің маскаларымен салыстырғанда, корей маскалары адам келбеті мен мінез-құлқын, көңіл күй сезімдерін шынайы бейнелейді. 

«Көрмеде сіздер корей халқының дәстүрлі маска мәдениеті және оны дайын­дау әдістерімен таныса аласыздар. Бұл маскалар адамдар арасындағы өзара жылы қарым-қатынас, ниет­­тестікті нығайтып, бір-бірін күлдіріп, қуанту үшін жасалады. Маскаларда жа­нуар­лар, өзге де тіршілік иелері емес, тек қана адам бейнесіндегі күлкілі бейнелер суреттелген», деп Қазақстандағы Корея Рес­публикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ким дэ Сик көрменің өзіндік ерекшелігіне тоқталып, корей халқының мәдениетімен таныстырып өтті.

Айтулы көрмеге корей дәстүрлі маскаларының 61 түрі ұсынылып отыр. Осы арқылы Чосон династиясы кезеңіндегі Корея халқының өмір сүру дағдысы мен мә­дениетіне тереңнен бойлап, жан-жақты мағлұмат алу­ға болады.  Көрме 2018 жыл­дың 23 желтоқсанына дейін жал­ғасады.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше