Аймақтар • 19 Қараша, 2018

Павлодар облысында кәсіпкер әйелдер 113 жоба жүзеге асырған

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен Іскер әйелдердің облыстық форумына   200-ге жуық кәсіпкер қатысты. Іскер әйелдер шығаратын түрлі шөптен дайындалған сусындар, көрпе-жастық, ағаштан, шыныдан жасалған бұйымдар көрмеге қойылды.

Павлодар облысында кәсіпкер әйелдер 113 жоба жүзеге асырған

Форумға қатысқан «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған республикалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова өңірде тағы бір жаңа жоба БҰҰ-ның UNIDO жобасын елімізде бірінші болып Павлодар облысында жүзеге асыруды ұсынды. Өңірлік Іскер әйелдер кеңесіне өндірістік саладағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты қолдау қажет.

Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуынша,өңірдегі 43 мың шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп  жүргендердің көбі кәсіпкер, іскер әйелдер қолында.  Өнімдерін нарыққа шығаруда қолдау көрсетуге әзір.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің құрамында 25 әйел бар. Кеңестер аудандарда жұмыс істейді. Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаеваның айтуынша, жыл басынан бері әскер әйелдер құны  322,9 миллион теңге тұратын 113 жоба бастаған.

Мысалы, аудан орталығы Ақтоғайда тұратын  «Свистунова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ольга Свистунова  2005 жылдан бері пластикалық терезелер жасаумен айналысады. Ольга «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болып,  жүк көлігін сатып алады.

- Жолдауда Елбасының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 5 жылға ұзарту туралы тапсырмасы біз үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет қаржылай қолдауымен қажетті құралдар сатып алуға болады. Жұмыс, даму болса, жұмысшылардың еңбекақыларын да көбейте аламыз,- дейді.

Аудан орталығы Ертіс ауылының  тұрғыны  Жанар  Сейітова болса,Фаст Фуд кафесін ашқан. Жанар бұрын мемлекеттік қызметкер болды. Қазір аудан орталығында  жылдам тамақтандыру саласындағы өзінің ойлаған жобасын  қолға алды.

- «Бастау» жобасы бойынша оқып, бизнес-жоспарымды қорғадым. Биыл жазда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жеңілдікпен 5 миллион теңге несие алдым. Қазір кафеде шаурма, дөнер, самса,  кәуап, хот-догтар, фри картобы, гамбургерлер әзірлейміз, дейді Жанар.

Өңірде  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағдарламалары аясында 3 мыңнан астам әйелге түрлі кәсіби кеңес пен көмек берілді.

Форум соңында үздік кәсіпкер Іскер әйелдерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыс әкімінің марапаттары табысталды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Валерий Бугаев

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше