Қазақстан • 20 Қараша, 2018

«Серпін» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті

512 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мені шыңдаған «Серпін» атты республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Байқауға «Серпін-2050» мем­лекеттік бағдар­ламасы аясында білім алып жатқан еліміздің жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру колледждерінің студент­тері қатысты.

«Серпін» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті

Байқаудың ұйымдастыру­шысы, Білім және ғылым ми­нистрлігі жанындағы «Болон процесі және академиялық ұт­қыр­лық орталығы» төрағасы­ның орынбасары Айдос Мұқа­таевтың айтуынша, бұл күндері «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша елі­міздің 9 облысындағы 26 жо­ғары оқу орны мен 33 тех­никалық және кәсіптік білім бе­ру колледжінде 16 мыңға жуық студент білім алуда. Былтыр ал­ғашқы түлектері диплом алып, олар­дың 60 пайы­зы сол білім ал­ған өңірлерінде жұмысқа орналасқан. 

− «Мені шыңдаған «Серпін» атты республикалық кәсіби ше­бер­лік байқауы үшінші рет өткі­зілуде. Былтыр Солтүстік Қазақ­стан облысында өтті. Бай­қауға жоғары оқу орындары мен кол­ледждердің 3, 4-курс сту­дент­тері қатысты. Мақсат – өз саласының үздіктерін анық­тау. Байқау соңында қатысу­шылар әртүрлі өндірістік кәсіпорын­дар­ға жұмысқа жолдама алуы­на мүмкіндік бар. Байқауға өңір­дегі кәсіпорын өкілдері де ша­қырылды, − дейді А.Мұқатаев. 

Облыстық білім беру басқар­масы басшысының орынбасары Сәуле Әлиақпарованың айтуынша әрине алғашқы жыл­дары бұл жоба бойынша педа­го­гикалық мамандықтар ғана оқы­тылған болса, қазір бұл қа­тарға техникалық және ауыл ша­руа­шылығы мамандық­тары қосылды. Сөйтіп еліміздің әр өңі­рі­нен келген студенттер «Серпін» бағдарламасы арқы­лы еңбек нарығындағы сұра­ныс­қа ие мамандықтарға даярлануда. Яғни студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде. Қазір өңірдің 8 колледжінде 464 студент білім алуда. Биылғы бай­қауға Павлодар, Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Сол­түс­тік Қазақстан, Ақмола және Қара­ғанды облыстарынан техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерден 27 студент қатысты.

 Байқаудың шарты бойынша, студенттер бірінші кезеңде өз­дерінің білім деңгейлерін көр­сет­се, екінші кезеңде кол­ледж­дерде және жеке кәсіпорындарға барып, радиотехника, электроника, кө­лік және телекоммуника­ция, ас­паздық, азық-түлік өнімдері тех­нологиясы, ақпараттық жүйе, мал­шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы салалары бойынша тәжірибелік сынақтан өтті. 

Теориялық кезең С.Торай­ғыров атындағы Павлодар мем­лекеттік университетінде өтсе, практикалық тәжірибе алаңы аграрлық-техникалық, бизнес, технология колледждерінде, Ақтоғай аудандық аграрлық колледжінде және «Жаңа қала» шаруа қожалығында өтті. Сту­денттер тамақ әзірлеу, малшаруа­шылығы өнімдерін өндіру, ауыл­шаруашылығын механикаландыру, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, тамақтандыру кәсіпорындары өніміндерінің технологиясы және өндірісті ұйымдастыру», «Эко­логия және табиғатты қор­ғау қыз­меті», «Ветеринария», «Ауыл­шаруашылығын механика­лан­дыру» сияқты салалардағы білімін нақты жобалары арқылы көрсете білді. 

Ш.Уәлиханов атындағы Көк­­ше­­тау мемлекеттік универ­ситеті­нің 4-курс студенті Әсет Ибраев  «серпіндіктерді» шың­дай­тын сайысқа қашықтықтан білім беру жүйесінің қазіргі заманға сай дағдыланған нұсқа­сын алып келіпті. Келер жылдан бастап елі­міздегі кейбір жоғары оқу орын­дары қашықтықтан білім беру жүйесіне көшпек. Осы жаңа­шыл­дыққа серпіндік студенттер жаңа жобаларымен үлес қоспақшы. 

– Павлодарға алғашқыда, 2014 жылы 50 бала ғана келді. Олар­дың қадамдары сәтті болып, 2015 жылы 175 студент оқуға түссе, 2016 жылы – 185, 2017 жылы 200 бала қабылданды. Түркістан облысынан − 258, Қызылордадан − 209, Жамбылдан − 32, Алматы облысынан − 4, Маң­ғыстау облысынан 2 жас кел­ді. Былтыр «Серпінмен» келген жастар­дың алғашқы легі оқу бітіріп, 65 түлек қолдарына дип­лом алды. Бірақ, өкініштісі, үш жылдың ішінде 40-тай студент түрлі се­беп­тер бойынша оқуларын со­ңы­на дейін жеткізе алмай шы­ғып ке­тіпті. Кәсіптік және тех­ника­лық білім беру бөлімі ма­маны Самал Обазованың айтуын­ша, оқу бітірген «серпіндік» жас­тар өңі­рі­міздегі «Сүт» АҚ, «Сағып» ЖШС, Мойылды ши­па­жайында, бас­қа да жеке кәсіп­орындар мен бір­не­ше мейрамханада өз ма­ман­дық­­тары бойынша еңбек етуде. Олар­­дың арасында білі­мін жо­ғарылату мақ­сатында уни­вер­ситетке түс­кендері де бар. 

Облыстық жастар саясатын дамыту басқармасы жанындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» мәліметінше, былтыр С.Торайғыров атында­ғы мемлекеттік университетте, Еура­зиялық инновациялық университетке және педагогикалық уни­верситетке оңтүстік өңір­лер­ден 400-дей студент түскен. 

Бір өкініштісі, облыстық білім беру басқармасының мәлі­метінше, «Серпін» бағдар­ламасы бойынша 135 түлек оқу бітірген. Бірақ өңірде білім алған 47 жас биыл өздері туып-өскен ауылдарына қайта оралыпты. Жастар тегін жатақхана, шәкіртақы, қысқы жазғы киім, қысқы және демалыс кезінде үйге барып-келу үшін жолақымен қамтамасыз етілді. Алайда, жастардың өз өңірлеріне кетіп қалуларына бірден-бір себеп – баспана, үйдің жоқтығы. Пав­лодар бизнес колледжінің сту­денті Аяжан Шерінің айтуынша, бұрын жолақысына 11 мың теңге берілсе, қазір бұл қаржы 4 мың теңгеге дейін төмендепті. Пав­ло­­дардан Шымкентке жүре­тін по­йыз билетінің құны – 6500 теңге.

Келер жылы 174 студент кол­ледж бітіреді. Сондықтан қазір­ден бастап бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, мем­ле­кеттік мекемелер мен әкімдік­тердің және өндіріс өкілдерімен келісісөздер жүргізілуі қажет. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр облысқа келген сапарында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жас­тар­мен кездескен болатын. Сонда «Еліміздің болашағы – жас­тар­дың қолында. Мен оқыған кез­де осы тектес жатақханалар бол­ған жоқ. Сіздерге қолайлы жағ­дай жасалған, оқыңыздар» деп қолдап, жігерлендірген еді. 

Иә, Елбасы ұсынған «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылдан бері жүзеге асуда. Осы жылдар аралығында об­лысқа оңтүстіктен 1324 студент білім алуға келіпті. Кәсіптік және техникалық білім беру кол­ледж­деріне төрт жылда 610 студент қабылданған. Бұл күндері еліміздің әр өңірінен келген студенттер «Серпін» бағдарламасы арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға даярлануда. Яғни студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде. 

Жалпы, «Серпін-2050» жоба­­сы­ның мақсаты – оңтүстік облыс­тардың жастарына солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарында білім алуға, жұмысқа ор­наласуға жағдай жасау, өңірде бос қа­лып бара жатқан ауылдарға ел қон­дыру, ұлттың болашағы, қа­зақ­­тың демографиялық өсім мәсе­­лесіне басты назар аудартады. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы