Өнер • 20 Қараша, 2018

«Қазақквартет» көрермендермен қауышты

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа маусымда жылдағы дәстүрінен жаңылмаған Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті тыңдармандарымен сағына қауышты. Әлемнің маңдайалды сахналарында өнер көрсетіп жүрген танымал ұжым «Қазақквартет шақырады» топтамасы аясында «Астана Опера» театрында «Музыкалық дәуірлер үнқатысуы» атты концертін көпшілікке тарту етті. 

«Қазақквартет» көрермендермен қауышты

Квартет құрамында талантты музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдар Тоқталиев (1-ші скрип­ка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сай­лау­байұлы (альт), сонымен қатар ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель) бар. Бір концерттің аясында әртістер тыңдарман назарына классицизм, романтизм және XX ғасыр музыкасы сынды түрлі жанрлар мен дәуірлерді тоғыстырған тамаша туындыларды ұсынды. 

Дәл осы кеште В.Мо­царт­­­­тың Ішекті аспаптар квар­­­теті №15 ре минор шы­­­ғар­масы орындалды. Даңқ­ты композитордың каме­ра­лық ансамбльдерге арнап жаз­ған  туындыларының ішінде осы ішекті аспаптар квартеті ерекше әйгілі. Ай­­рықша драматизмімен, бей­нелілігімен өзгешеленетін бұл туынды – көрнекті композитор әрі автордың досы Й.Гайднге арналған алты квартеттің ішіндегі екінші (және ең танымал) шығарма. 

Одан кейін орындалған Х.Вольфтің «Италия серенадасы» W17/2 шығармасы композитордың сан қырлы дарыны мен өзіндік стилін тағы бір мәрте еске салып өткендей. Аспаптық миниатюра бағдарламалық драма ретінде түсіндіріліп, мұнда қос кейіпкер – ер мен әйел арасындағы махаббат сезімі баяндалады. 

Квартет 1988 жылы А.Жұ­банов атындағы дарын­ды балаларға арналған рес­пуб­ликалық арнайы орта му­зыкалық мектеп оқушы­ла­рынан құрылып, дарынды ұжымға композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова қам­қорлық еткен болатын. Көп­теген халықаралық байқау­лардың, соның ішінде әйгілі Д.Шостакович атындағы ха­лықаралық байқаудың лауреаты атанған топты бүгінде Америка, Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы сахналары аттай қалап шақыртады. Өздерінің орындаушылық шеберлігімен, керемет ойнау техникасымен дара­ланатын музыканттардың та­лай бе­лестерді бағындыратыны анық.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»