Кино • 20 Қараша, 2018

Алматыда жаңа комедиялық фильмнің тұсауы кесілді

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында «Гудбай, мой бай» толықметражды комедиясының ресми тұсаукесері өтті.  

Алматыда жаңа комедиялық фильмнің тұсауы кесілді

Картинаға әйелдерінен ажырасуға бел буған төрт достың басынан өткен шытырман оқиғалары арқау болады. Ажырамас достар осындайда бірге жүрсек, отбасылық кикілжіңді ұмытып, қалағанымызша рахаттанып өмір сүреміз деп ойлаған еді. Әйткенмен, бұл жолы бәрі олар ойлағандай болмай шықты. 

Жаңа комедияның бас продюсерлері Қайрат Реимов пен Бағдат Қожахметов. Басты рөлдерде Сәбит Рахимбаев, Даут Шайхисламов, Азим Саидбаев, Дариға Бадыкова, Нұрдәулет Шертім, Наталья Валькова, Дарья Александрова, Нұргүл Алпысбаева ойнады. Ал жобаның режиссері әрі сценарийдің қосалқы авторы Анвар Матжанов да фильмде рөлден тыс қалмаған.

Сонымен Қайрат Реимов пен Бағдат Қожахметовтің тырнақалды продюсерлігін бағалап, қолдау көрсету үшін алғашқы көрсетілімге кино мен шоу-бизнестің өкілдері жиналды. Олардың арасында Сәкен Майғазиев, Ақан Сатаев, Айнұр Ілиясова, Тәуекел Мүсілім, Фархат Әбдірайымов, Дарья Александрова, Әлішер Елікбаев сынды жандар бар. 

«Комедиялық фильм қызықты жағдаяттар арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, күйбең тірлік пен отбасылық өмірдің басқа да қиындықтарын жеңіл қабылдауға шақырады. Сонымен бірге, «Гудбай, мой бай» фильмі қазіргі қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар басты мәселелерді көтереді», – дейді комедиялық фильмнің басты рөлін сомдаушылардың бірі Сәбит Рахимбаев.

Бір сөзбен айтқанда, авторлары фильмнің табысты болатынына сенімді. Себебі, қазақстандық кинопрокатқа жаңадан қосылған бұл туынды бұған дейін «31 арнада» үлкен сұранысқа ие болған «Женатики» телехикаясының желісімен түсірілген.

«Мен үшін «Гудбай, мой бай» жобасы толығымен дебют саналады. Комедияны жылы қабылдады. Бұл жолы көрерменнің үмітін ақтадық. Фильм келгендердің бәрін ризашылыққа бөледі. Картина арқылы көрермен жүрегіне жол тапқан өміршең әзіл залдағыларды күлкіге қарық қылды. Әсіресе, ерлер жағының қатты күлгенін байқадым. Кейіпкерлерге қарап, өздерін таныған болар», – деді комедиялық фильмінің режиссері Анвар Матжанов.

Фильм авторлары комедия аяқталғанда көрермендердің орындарынан тұрып, ұзақ қошемет көрсетуін шынайы да жақсы баға деп қабылдады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ