Аймақтар • 22 Қараша, 2018

Шымкенттегі ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Integrity Shop» ашылды

1082 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұндағы басты мақсат жастарды жағымды моральдық қасиеттерге, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдыққа шақыру. Әуелі бұл факторлар жас буынның сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін күшейтуге тікелей әсер етеді.

Шымкенттегі ЖОО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Integrity Shop» ашылды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынған жоба - «Адалдық дүкені» деп аталады. Аталған бастаманы ең алғаш Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті қаладағы барлық жоғарғы оқу орындары мен колледждерде ашу туралы ұсыныс айтқан.

Жақсы бастамаға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алғашқылардың бірі болып қолдау білдірді. Күні кеше Департамент басшылығы Дария Қожамжарова басқаратын университет ұжымымен бірлесе салтанатты түрде ашылу рәсімін өткізді.

«Адалдық дүкенінің» жұмысы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша жүргізіледі. Бір қызығы, мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны касса жәшігіне қалдырып, есеп айырысады. Бір сөзбен, дүкенде сатушы жоқ. Зат сатып алушылар өз-өздеріне қызмет етеді.

Ашылу салтанатында Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ерғали Жұмабаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бастамасымен жүзеге асқан жобаны Шымкент қаласында алғаш болып қолдаған Университетке алғысын білдірді.    

Сөз кезегінде Ерғали Тілесбайұлы «Жобаның басты мақсаты - қоғамда сенім атмосферасын біртіндеп құру және студент жастарға өзін жақсы, адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру», деді.

Шымкенттік студенттер мұндай дүкеннің ашылуына таңданыстарын жеткізіп, жастарға сенім білдірген ұйымдастырушыларға, университет ұжымына ризашылықтарын жеткізді.

Шаһардағы іргелі оқу ордасында ашылған «Адалдық дүкені» келесі кезекте қаланың барлық жоғарғы, орта, арнауы оқу орындарында ашылатын болады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ