Қоғам • 21 Қараша, 2018

Нұржан Нұрсипатов: Әскерилер баспанасыз қалмайды

512 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында елдегі, қоғамдағы ең өзекті саналатын мәселелерді көтерді.

Нұржан Нұрсипатов: Әскерилер баспанасыз қалмайды

Айталық, Елбасының Жолдаудағы «Білім беру, денсаулық сақтау саласы, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты» деген сөздері еліміздің барлық тұрғындарының көңілінен шыққандығына күмәнім жоқ. Әсіресе, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің көтерілуі – Мемлекет басшысының шынайы қамқорлығы деп білемін.

Осыған орай, Парламент қабырғасында уақытында қолға алынып, бірақ орындалу тетіктері нақтыланбағандықтан аяқсыз қалып келген 20 жылдан аса еңбек өтілі бар әскери қызметкерлерді баспанамен қамту ісі ендігі уақытта жүйелене түседі деп сенемін. Аталған мәселе жуырда ғана Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының іске асырылу мәселелері бойынша өткен кездесуде жан-жақты талқыланды. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Қаржы министрліктерінің басшылығы арнайы шақырылып, құрылым басшылары қалыптасқан ахуал бойынша баяндама жасады. Өзімнің тарапымнан тұрғын үймен қамтудың жаңа моделін енгізуді көздейтін заң жобасы қабылданар тұста бірнеше депутаттық сауал жолданып, Парламентке келген атқарушы органдардың басшылары, Үкімет мүшелерінің алдында аталған мәселені бірнеше рет көтердім. Енді осы азаматтарды баспанамен қамтуға байланысты өткен соңғы жиында Д.Назарбаеваның басшылығымен әскерилердің мұң-мұқтаждықтары ашық айтылды. Оның үстіне, қазір бұл іске нарықтағы ең тиімді тетік саналып отырған Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жұмылдырылды. 

Заңды іске асырған бірінші кезекте Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жәрдемімен Қарулы Күштердің 37 мыңнан астам әскери қызметкері жеке есепшот ашып, 30 миллиардтан астам теңге аударылды.

Жоғарыда аталған жиында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басшылығының мәлімдеуінше, қаржылық ұйым тарапынан әскерилерге банктің қатардағы салымшыларына ұсынылатын өнімдерден басқа жеңілдіктің қосымша төрт түрі қарастырылған. Егер қарапайым азаматтардың «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» несие алуы үшін жинағының көлемі 20 мен 50 пайыздың аралығында болуы қажет болса, әскери қызметшілерге бастапқы жинақтың көлемі 0-ден 5 пайызға дейінгі аралықта белгіленген. Сонымен қатар банктің «әскери өнім» жобасы бойынша Бас әскери прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі және «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің әскерилері барынша жеңілдетілген жағдайда баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Соңғы есеп-қисаптарға қарағанда, азғантай уақыттың ішінде аталған қаржылық ұйым арқылы әскери қызметшілерге 17 млрд теңге көлемінде несие берілген. Уақыт тегермеші мен әскерилердің белсенділігі арқылы бұл көрсеткіш әлі де еселене түспек.

Оған қоса «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілген «7-20-25» бағдарламасы да әскерилерге еліміздегі екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен баспаналы болуына мүмкіндік беріп отыр. Демек, әскери қызметшілер баспанамен қамту мәселесіндегі мемлекет қамқорлығын толық сезіне бастады.

Сонымен Қаржы министрлігінің ресми жауабына көз салсақ, әскери қызметшілерді заңнамалық тұрғыда баспанамен қамтудың еш кемтігі жоқтай көрінеді. Мәселен, әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетіктері 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді және әскери қызметкерлердің еңбек еткен жылдарына қарамастан, тұрғын үй төлемдерін беруді; әскери қалашықтарда, шекара жасақтарында және басқа да жабық нысандарда орналасқан қызмет үйлерімен немесе жатақханалармен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге 50 пайыз тұрғын үй төлемдерін беруді; тұрғын үйге мұқтаж болып танылған әскери қызметшілерге босатылған кезде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезеңге тұрғын үй төлемдерін беруді көздейді деген баптарда ешқандай мін жоқ. Оның үстіне, 2018 жылғы республикалық бюджетте әскери қызметшілерді, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 90 млрд теңгеден артық қаражат қарастырылған. Ал республикалық үшжылдық бюджетте жыл сайын бұл мақсаттарға 100 млрд теңгеден аса қаржы бөліп отыру көзделген.

Біздің комитет мүшелерінің тұрғын үй заңнамасына енгізілген жаңалықтарды қолдану тәжірибесі оны одан әрі жетілдіруді қажет деген ұсынысын қорғаныс саласы мекемелерінің басшылары да қолдайды.

Алдағы уақытта Елбасының Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, Үкімет ел қорғаны – әскерилердің, оның ішінде жоғарыда аталған Заң аясына енбей қалған жүздеген бұрынғы қызметшілерді баспанамен толық қамтитын тетіктерін қарастыруды қолға алатындығына сенім білдіремін.

Нұржан НҰРСИПАТОВ,

Сенат депутат