Футбол • 29 Қараша, 2018

«Астана» алғаш рет жеңілді

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропа лигасы аясында киевтік «Динамо» клубымен кездескен елордалық «Астана» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

«Астана» алғаш рет жеңілді

Ойынның 29-минутында «Динамо» жартылай қорғаушысы Беньямин Вербич гол соғып, командасын жеңіске жетеледі.

Әйтсе де, бірінші таймда «Астана» клубының ойыншылары ширақ өнер көрсетті. Елордалықтар үш мәрте ұрымтал тұсқа шыққанымен, соңғы сәтте мүлт кетті.

Екінші таймда да командалар алма-кезек шабуылдаған. Матчтың 82-минутында астаналық Дмитрий Шомко тепкен доп қақпа бағанасынан кері серпілді. Бұдан кейін қауіпті сәт болған жоқ.

Осылайша, «Астана» биылғы Еуропа лигасының топтық кезеңінде тұңғыш рет жеңілді. Бес турдан кейін «Динамо» 11 ұпаймен топ бастаса, елордалықтар 8 ұпаймен екінші орында тұр.

Айта кету керек, К тобындағы екінші ойында «Яблонец»(Чехия) пен «Ренн»(Франция) кездеседі. Матч Астана уақыты бойынша 02:00-де басталады. Алда-жалда ойын тең аяқталса, «Астана» келесі кезеңге тікелей жолдама алады.

Соңғы турда «Астана» сырт алаңда «Реннмен» шеберлік байқасса, «Динамо» мен «Яблонец» күш сынасады.