Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2018

Кентауда жылу бағасы арзандады

627 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 334 көпқабатты тұрғын үйге, 2121 жеке үйге, 374 коммерциялық нысанға және 102 бюджеттік мекемеге жылу беріп келеді. Жалпы қалада 38,2 шақырым магистралдық, 116,8 шақырым ішкі орамдық жылу құбыры тартылған.

Кентауда жылу бағасы арзандады

Мекеме басшысы Төлеу Әшірханның айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қызметтің құны 136-дан 103,88 теңгеге немесе 23,88 пайызға арзандатылған. Сондай-ақ, төмен жалақы алатын 60-тан астам азаматтың еңбекақысын көтеру мақсатында мекеме бюджетінен 1 млн. 600 мың теңге қаралып отыр. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме 2011 жылы құрылған. Серіктестікте 395 адам жұмыс істейді. Кентау қаласына арнайы жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында тиісті шараларды дер кезінде атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысты. Көкөніс және жеміс-жидектерді қайта өңдеу, сақтау және дайын өнімді өткізумен айналысатын кооператив жылына 450 мың литр жеміс-жидек шырынын, 1500 тонна көкөніс маринадын, 1200 тонна томат, алма, асқабақ езбелерін дайындауға қауқарлы. Кооперативте 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы 11 айда жалпы соммасы 292 млн. теңгені құрайтын 1950 тонна тауар өндірген, оның 1200 тоннасын ішкі нарыққа өткізсе, 750 тоннасын Ресейге экспорттаған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы