Әдебиет • 04 Желтоқсан, 2018

Көкшетаудағы ақын кеші

752 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада белгілі ақын, аудармашы және журналист Қорғанбек Аманжолдың шығармашылығына арналған «Көкшетау, тілегіңді ұштым тілеп» атты  кездесу кеші болып өтті. 

Көкшетаудағы ақын кеші

Көкше топырағынан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің белді бір өкіліне ай­налған шығармашылық иесінің кешіне қаламгердің талантын құр­меттейтін, сөз өнерін сыйлайтын адам­дар көп жиналды. Ақынның өзі туып-өскен Зеренді ауданының Көк­терек ауылынан келген ауылдас­тары, зиялы қауым өкілдері, жер­гілікті ақын-жазушылар, жастар, тағы басқа да қоғамдық жұрт­шылық өкіл­дерінің есімі елімізге кеңі­нен та­нымал қаламгермен осындай бір жылы шырайлы жүздесуді сағынып қалғандығы кездесу барысынан жақсы көрініп тұрды.      

Алдымен белгілі ақын Төлеген Қажыбай, ел ағасы Айдос Әбутә­ліповтер қаламгердің шығар­машы­лығына тереңірек тоқталса, еңбек жо­­лын бірге бастаған белгілі жазушы, аудармашы Ғосман Төлеғұл сан қырлы талант иесінің журналистік қабілет-қарымын жіктеп айтып берді. Қаламгердің курстасы, қа­зақ­тың бел­гілі жазушысы Марат Мәжитовтің сонау студенттік ке­зең­­нен бастап сөз өнеріне құмарт­қан Қорғанбек ақынның ішкі жан-дү­ниесін, азаматтық бейнесін ай­шық­тап айтуы, әдемі шықты.   

Ақынның жылдар бойы жүрегін жарып шыққан сырға толы сұлу жырлары топтастырылған электронды жинақтың тұсаукесері өткізілді. Әжелер шашу шашты, ақсақалдар ақ батасын берді. Жалынды жырлар оқыл­ды, өлең сөздің патшасының үс­темдік құрып, бағын жандыру жолы жайында ел ағасы Болат Кө­шім­баев­­­тың түйінді пікірі көп көңілінен шықты. Сөздің құны бөз­дің құнынан төмендеген заман­да жаңа дәуірдің адамдарының көкі­регін тіршіліктің шаң-тозаңынан та­залап, таңғы шықтай мөлдіретуі қи­сапсыз әсер ететін өлең өлкесінің өрісін кеңейтудің жолы арнайы қор құру деді ол. Бұл ең алдымен, ақын­дарға ғана емес, ақынның алмас қылыштай жарқылдаған сөзі мен мұңын сейілтіп, арманына қанат қақтыратын Алаштың өзіне керек. 

Кездесу кешінде Қорғанбек Аман­­жол алқалаған әлеуметке ақ­ ал­ғысын жолдап, соңғы кезде жаз­ған өлеңдерін оқып берді. Қара­шаның соңғы күндері суық ауа буған Көкшенің көгілдір ас­панын буы бұрқыраған тамаша жырлар жылытып, жадыратқандай.

Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»