Аударма • 05 Желтоқсан, 2018

Ауғандықтар полиомиелитті жоюға тырысып жатыр

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мадина 2 жасқа толғанда оған 7 рет вакцина салынып үлгерген. Бірақ бұл жеткіліксіз болды. Күзде ол ауырып қалды. Қандағардағы дәрігерлер оның полиомиелитке шалдыққанын анықтады. 

Ауғандықтар полиомиелитті жоюға тырысып жатыр

Фахим АБЕД, 

«Нью-Йорк Таймс» – Қандағар, Ауғанстан

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, Мадина сияқты қан­дагарлық миллиондаған бала дертпен күресу үшін вакцинаның бір дозасына зәру. Бірақ олардың кө­бі Ауғанстанның оңтүстігіндегі Талибанға бағынышты, қоғамнан шектелген мекендерде өмір сү­реді. Тәлібтер өздеріне қарасты ай­мақ­та мемлекеттік медицина қыз­меткерлерінің жұмыс істеге­нін қаламайды. 

Мұндай мәселе вакцинация ша­раларын үздіксіз жүргізуге қиындық туғызады. Ауғанстан, Пәкістан мен Нигерия секілді полио­миелит індеті жиі кездесетін ме­кеннің бірі. Бүкіләлемдік ден­саулық сақтау ұйымының мәлі­мет­теріне сүйенсек, биыл полиомие­лит диагнозымен 19 адам тір­келген. 

Діндар-ғалым әрі вакцинация тобының мүшесі, Қандағар қала­сының молдасы Абдул Ра­шид тұрғындардың көбі кедей екенін айтады. Сондықтан олар вакцинаны емес, балаларына та­мақ тау­ып беруді уайымдайды. «Олар по­лиомиелит екпесіне қат­ты алаң­дамайды», дейді Рашид мырза. 

Діндар ғалымдардың вакци­наны қолдау шараларына қара­мастан, екпеге қарсы күмән әлі де жоғалған жоқ. Көбі вакцинаның исламда қаншалықты рұқсат етіл­геніне алаңдайды. Олардың кей­бірі екпеден халықты бедеу ету үшін батыс әлемінің жымысқы әрекеті деп қауіптенеді. 

Полиомиелит Батыс елдерінде 2000 жылдары жойылды, бірақ Ау­ғанстандағы 10 миллионнан астам бала әлі күнге дейін вак­цинаға мұқтаж.

«Әлем бұл вирусты түбегейлі жоюға тырысып жатыр. Бұл елі­міз үшін әлем алдындағы жауап­кершілік», дейді Ауғанстанның Ден­саулық сақтау министрі Дес­та­гир Назари. 

Вакцина жұмысы ерте басталады. Әуелі вакциналарды жинап, Қандағарға көршілес қалалардан арнайы орын әзірленеді. (АҚШ, Канада, Жапония елге ең көп вакцина ұсынады). 

Топ мүшелері жалдамалы таксимен немесе мотоциклдермен 5 жасқа толмаған балалары бар отбасыларды аралап, екпе егеді. 

Кейде А.Рашид сияқты дін­дар­лар да еріп барады. «Ислам заң­дарына үңілсек, денсаулық адам үшін өте маңызды. Сондықтан ден­саулығымызды жақсарту үшін шаралар қолдану орынды. Осы айда вакцина алуға қарсы 70 отба­сыны райынан қайтардық», дей­ді ол. 

Басқа жағдайларда, кәдімгі шаралар да іске асады. Бір үйдегі келіншек ба­ласына вакцина салуға қарсы екенін айтты. Бірақ оның баласы шар сұрады. Ақыры балаға шар беріліп, екпе салынды. 

Көп отбасылар медицина қыз­мет­керлерін үйіне кіргізген жағ­дайда, тәлібтерді ашуландырып аламыз деп қорқады. 

Талибан өкілі Забихуллах Муд­жахид медицина қызмет­кер­лері тыңшы болуы мүмкін дейді. Сондықтан олар екпені мешіт­терде салуды талап етеді. Бірақ медицина қызметкерлері үй ара­лаудың ғана тиімді екенін, жағ­дайды қадағалауға мүмкіндік бере­тінін айтады.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»