Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Өсімпұл мен айыппұл кешіріледі

670 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында салық амнистиясы жүргізілуге жататын 1800-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері бар. Олар қарыздарын мерзімінде өтеген жағдайда салық төлемдерінің өсімпұлдары мен айыппұлдары мемлекет тарапынан жойылатын болады.

 Өсімпұл мен айыппұл кешіріледі

Бұл шатқаяқтап қалған шағын және орта бизнесін өркендетуге ұмтылған кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Жалпы, облыста кәсіпкерлікті қолдау үлкен қарқынмен жүргізілуде

Елбасы Жолдауында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту және жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд. теңге қаражат бөлу мәселесі көтерілген.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов мәлімдеді.

- Бұл ұсыныс облысымыз тарапынан қолданып, 2019 жылы республикалық бюджеттен Бағдарлама аясында субсидиялар мен кепілдіктер беру үшін 849,5 млн. теңге қаражат қарастыруға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Жалпы, 2019 жылы Бағдарлама аясында кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету үшін 1,6 млрд. теңге қаражат бөлу көзделуде.

Бұдан өзге, Жолдауда Елбасымен келер жылды «Жастар жылы» ретінде жариялау ұсынылған. Биылғы жылдың өзінде осы жастар үшін арнайы «Байқоңыр Start-up 2» бизнес-идеялар байқауы, Қызылорда облысының «Жас кәсіпкерлер» форумы ұйымдастырылған болса, одан бөлек жастардың да үлесі бар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Өзіңе сене баста» көрме-байқауы, «Қазақстанның үздік тауары 2018» көрме-байқауы, «Іскер әйел – кәсіпкерлер» форумы өткізілді,-деді А. Досжанов.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ