Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Мансұрхан Махамбетов: Тарихымызды бағалау – табысымыздың кепілі

719 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мансұрхан Махамбетов: Тарихымызды бағалау – табысымыздың кепілі

Қандай ұлт болмасын, оның өзіне тән тарихы болады. Ал тарихынан айырылған халықтың келешегі бұлыңғыр. Ондай халық тарих сахнасынан жойылып кетеді. Әлем тарихында уақыт өтіп, ғасыр­дан-ғасырға қоғам ауысқан сайын әлем халықтарының саны да азайып, оның тілі де жоғалып кетіп жа­та­ды. Бір өкініштісі, бұл – қазіргі заман­ның шындығы және заңды құбылыс. 

Осы орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ халқының төл тарихын тың көзқараспен зерттеуге жол салып отыр. Сонымен бірге өткеніміздің көптеген ақтаңдақтарын бөлек қарамай, жаманын да, жақсысын да тұтас зерделеп, көп қырлы, ауқымды тарихымызды дұрыс түсіну керектігін баса айтып отыр. Елбасы «тарихымызды зерттей білу, басқа халықтардың рөлін төмен түсіріп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету емес. Ең бастысы, біз нақты деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дейді. Біздіңше, бұл жерде ата-бабаларымыздың кешегі заманда Еуразия аумағында Ұлы империя құрған дәуірлерден алынатын тың деректерге сүйене отырып, төл тарихымызды түгендеу маңызды болса керек. Ұлтымыздың өз тарихын терең білуін оны басқа халықтар мен елдерден алшақтату емес, керісінше оларды жақындастыру мен достас­тыру деп түсіну керек. Тарихымызды терең біліп, одан ұтымды сабақ алу – ұлтымыз­дың болашағы мен еліміздің іргесін бекітуге, қуғын-сүргіндер мен қасіретті сәттердің қайталанбауына қызмет етеді. 

Мәселен, бір ғана Бату хан іргесін қалаған Алтын Орда мемлекеті, оның атауы, оны мекендеген халқы, негізгі қарым-қатынас құралы болған тілі, тағы басқа да мәселелері бойынша әртүрлі көзқарас бар. Жалпы Алтын Орда деген ұғым нені білдіреді дей­тін болсақ, біздіңше ол хан оты­ратын «ставканы» білдіреді. Яғни, ол мемлекеттің атауын, сол кез­дегі тілмен айтқанда хандықты біл­дір­мейді. Ал Алтын Орда деген сөз қайдан пайда болды деген сұраққа, ол сол кездегі іргелес жат­қан немесе Ордаға тәуелді болған ел­дер­дің қойған атауы деп жа­уап берудің қисыны бар. Қазіргі, «Кремль» десе Ресей Федерациясын ұғынамыз, «Ақ үй» десе Америка Құрама Штаттары деп түсінеміз. Міне, сол сияқты Алтын Орда да хан оты­ратын «ставка» деген ұғым­ды біл­дір­ген. Сонымен бірге хан ор­да­­сы­ның сол заманның озық үлгі­сі­мен, жетістіктерімен салынып, алтынмен апталғанын ескерсек, көп нәрсені аңғаруға болады. Яғни, алып мемлекеттің боданында болған басқа елдер Алтын Орда деп атауына толық негіз бар. Ал оның алдында Жошы хан ұлысы, кейінен Бату хан ұлысы немесе хандығы деп аталғанын тарихтан білеміз. Ал негізгі халқы, оның ішін­де билеуші топты құрған түркітілдес халық­тар болды және бәріне ортақ түрік тілін­де сөйледі. Бату хан қайтыс болып, Берке хан болған тұста, ханның өзі ислам дінін қабылдаған. Ал кейіннен 1302 жылы Ұлы хандыққа Өзбек хан келгенде, (ол 40 жыл­дай ел билеген) ислам мемлекеті деп жариялады.
Ұлы дала елінің ұлан-ғайыр жері мен елдік дәстүрінің тарихына оң көзқарас қалып­тастыруды ең әуелі өзімізден бастағаны­мыз абзал. Әйтпесе, осынау кең-байтақ жері­­мізге ата-бабаларымыз сырттан немесе бас­­қа аумақтан ауып келгенге ұқсатып айтыла­тын сыңаржақ ойлар айтылып қалуда. Ал Елбасы мақаласында көтерілген бүкіл мәде­ни жетістіктердің шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін әлем­нің төрт бұрышына тарағанын айтады. Яғни, бұл тұжырымда үлкен мән жатыр. Біздің бабаларымыз Ұлы далада өмір сүріп қана қойған жоқ, оны өзінің мәдениетімен, индустриясымен, дала заңымен қоғамдық әділетті қарым-қатынастың негізінде кең-байтақ жерді империя, яғни Ұлы дала өрке­ниетіне жол салған. Елбасы мақаласында осы екі дүниенің ара-жігін ашып беріп отыр. 

Ғұламалар: «тарихын білмеген ха­лық тілінен айырылады, ал тілінен айырылған халық тобырға айна­лады» деп бекер айтпаған. Сондықтан тарихымызды білуге, оны терең зерттеуге бағытталған бағдарламалар шынайы және сапалы болуға тиіс деп ойлаймыз. Осыдан жиырма жылдай бұрын Елбасының «біз өткен замандағы батыр бабаларымыздың жасаған ерлігімен мақтанып қана қоймай, бүгінгі атқарылар тірлікпен мақ­тануы­мыз керек» деген сөзі бағ­даршам іспетті. Яғни, тарихты білу тек мақтану үшін емес, еліміздің ке­мел бо­лашағы үшін жасампаз ең­бек етіп, оны әлемге мойындату деген сөз. 

Мансұрхан МАХАМБЕТОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты