Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Мегажобаның мықтылары анықталды

533 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанадағы Қазмедиа ор­та­лы­ғының киноконцерт залын­да «Qazaqstan» ұлт­тық теле­арнасында эфирге шыққан  «Men qazaqpyn» атты халықаралық мега­жо­баның қорытынды гала-кон­церті өтті.

Мегажобаның мықтылары анықталды

Үкілі жүйріктердің үздіктерін ата­мас бұрын жұрттың жүрегінен жол тапқан жобаның мақсат, мұра­ты жайында аз-кем айта кетсек, артық болмас. Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласында «Салт-дәс­түріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Қандай да бір ұлттың өзінің ғасырлап қалыптасқан рухани мұрасы салтанат құрып тұрса, ол елдің рухы биік, ұстыны мен ұстанымы мықты болмақ. Уақыттың дауылы мен жауынында жоғалмай, өткен күннің талай сынына төзіп берген өміршең өнер келешектің де өзегін талдырмайтыны анық.

Айта кетейік, Ақпарат және ком­му­никациялар министрлігінің қол­дауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ ал­ғаш рет 2017 жылы жүзеге асырған бұл жоба­ның бергені аз болмады. 

Өткенді бүгінгі күнмен өрнектей отырып ертеңге қызмет еттіру мақ­са­тында қолға алынған «Men qazaq­pyn»­ бүгінде өзінің алға қойған мақ­­­­саты мен жүр­гізілу жүйесі ар­қы­­лы халықтық жобаға айналды. Қа­зақ­станның түкпір-түкпіріндегі өнері бар жастардың жар­қырап көрінуіне жақсы жағдай жасады. Сонымен бірге Ресей, Қы­тай, Моңғолия елде­рінде тұратын қан­дастар арасында іріктеу жарыстарын өткізіп, олардың Қазақстанда өнер бәйгесіне түсуіне мол мүмкіндік туғызды. Бір өкініштісі, Қытайдағы қандастар ортасынан келген өнерпаз­дар былтыр жобаның жуан ортасына келгенде ат басын кері бұруға мәжбүр болып еді, биыл мүлде қатыса алмады...

Обалы не керек, жоба жетекші­лері аталған елдерге барып, арнайы тү­сірілім жасады, сол жерде жасақ­­талған қазы­лармен жобаға жол­дама алатын өнер­паздарды ірік­теді. Бұл оңай жұ­мыс емес. Ұйым­дас­тырушылардың ай­туынша, «Men qazaqpyn» мегажо­ба­­сына биыл 3 мыңға жуық­ үміткер қатысып, соның 54-і­ телеарнадағы жобадағы үлкен бәй­геде бақтарын сынапты. Әрине, қуанарлық жағдай. Бұл біріншіден, ұлттық өнерге ұмтылған жастар қара­сы­ның молдығын көрсетсе, екінші­ден, былтырғы жобаның сәтті жүзеге ас­қандығының айғағы. 

Сонымен, айтулы концертке мемлекет және қоғам қайраткері, «Men qazaqpyn» мегажобасы қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жол­дасбеков, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы, мегажоба идея­сы­ның  авторы Ерлан Қарин және «Qazaqstan» ұлттық теле­арнасының директоры Еркін Та­ңатқанұлы қаты­сып, терме, күй, ән жанрлары бойынша марапаттады.

Осы тұста жобаның жүргізілу ерек­­­­­шелігі жайында да бір ауыз айта ке­­туге тура келеді. Аламанға жолдама алған өнерпаз алғашқы айналымда өзі дайындап әкелген шығармасын орын­даса, одан кейінгі кезеңдерде ұйым­дастырушылар дайындаған туын­дыны орындайды. Оны тіпті алдын ала білмейді де, міне, осы жерде үлкен жауап­кершілік пен тұяқ сүріндірер сын тұр. Бұл айналымда өнерпаз жеребеде шыққан сол туындыны білуімен қатар белгілі шарттармен мектептерге бөлінген әр өңірдің орындаушылық дәстүрін де игерген болуы тиіс. Бұл жиын мен тойда «әу» деп жүрген кез келген әуесқойдың қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан бұл әнші мен күйші, жыршының репертуарын да таразыға тартып бағады. «Еңістен сал­саң төске озған, ертеден салсаң кешке озған» шын жүйріктердің суырылып шығатын кезеңі де осы.

Сөйтіп, осындай сындардан сүрін­бей өткен тоғыз саңлақ бәйгенің қо­рытынды кешіне келді. Яғни, әр­ жанрдан үш өнерпаз қара үзіп шық­ты. Енді марапаттау үшін сах­­на­ға көтерілген адамның аузынан жү­рек­тері лүпілдеп отырған үшеудің бі­реуінің ғана есімі аталмақ. Бұл шешімді айту қазыларға да оңай соқпасы анық. Сонымен, жиналған жұрттың алдына ән жанры бойынша Алпысбек Оңайбайұлы (Маңғыстау облысы), Рауан Əбілбаев (Алматы қаласы), Аяулым Қамажан (Астана қаласы), күй жанры бойынша Жəнібек Жəмиев (Атырау облысы), Шыңғыс Исаев (Түркістан облысы), Таңат Сəденов (Алматы облысы), ал терме жанры бойынша Күнсұлу Түрікпен (Қызылорда облысы), Салтанат Ерсұлтан (Астана қаласы), Аружан Ерімова (Атырау облысы) шықты.

Сонымен, көптен күткен сәт жетті. Терме жанры бойынша жеңімпазды марапаттауға шыққан Ерлан Қа­рин мырза қолындағы қағаздан Күн­сұлу Түрік­пеннің есімін оқыды. Сөй­­­тіп, Күн­­­­сұлу үздік термеші атанып 1 000 000­ теңгені қанжығалады. Ал күй аталы­мы бойынша марапаттауға шыққан Мырзатай Жолдасбеков Жəні­бек Жə­миевтің есімін атап, 

1 000 000 теңге жүлдені қолына ұс­татты. Ән жанры бойынша же­ңімпаз есімін оқуға шыққан Ер­кін Таңатқанұлы үш үміткердің екеуі­нің есімін атады. Олар Алпысбек Оңай­байұлы мен Рауан Əбілбаев. Қазылар алқасы жүлдені 500 000 теңгеден екеуіне теңдей бөліп беріпті. 

Гала-концертте «Men qazaqpyn» жобасы қазылар алқасының мүше­лері Ұлжан Байбосынова, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Елшібаева және І мауысымындағы жеңімпаздары мен биылғы үздіктер өнер көрсетті. Жиында сөз алған корпорация басшысы Ерлан Қарин: «Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір ар­нада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мек­тептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз – күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау» дей келе, ұлттық өнерге арналған өзге де жобалардың жүзеге асу алдында тұрғандығын айтты. Сон­дай-ақ жобаны жүзеге асыруға атса­лысқан қазылар алқасына, шы­ғар­­машылық ұжымға және қалың көрерменге алғысын білдірді. Әсі­ре­се, қазылар алқасына ерекше риза­шылығын жеткізді. Әділдік пенде ба­ласы үшін белгілі деңгейде шартты ұғым екенін ескерсек те, «Men qazaqpyn» мегажобасына қазылық еткен­ мамандардың өнерпаздың көзінше артық-кемін айтып отыруы, кешегі Кенендердің көзін көр­­­­ген, өмірі мен шығармашылығы ұлт­тық өнермен біте қайнасып кеткен Мырзатайдай асыл ағалардың әр орындаушыға айтқан ескертулері теледидар арқылы ұлт өнері жайында оқылған сабақтай болды десек артық болмас.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»