Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Қостанайда «NEET жастар» саны азайып келеді

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Бұл жөнінде облыс әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында айтылды. 2018 жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша облыс өңіріндегі NEET жастардың саны 4,9 процентті құраған. Бұл республикалық көрсеткіштен (7,7 процент)  әлдеқайда аз.

Қостанайда «NEET жастар» саны азайып келеді

«Оқу бітіргеннен кейін жыл бойы жұмысқа орналаспай бос жүретін масыл жастар санының азаюы жөнінен Қостанай республикада 2 орында тұр. Үстіміздегі жылдың 1-желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша,  облыста жұмыссыз жастардың саны 3,1 процент болған, ал республика бойынша көрсеткіш 4,1 процентке тең. 1-қазанда 23 778 адам жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс сұрап барса, соның 5454 жастар болатын, яғни 23 проценті. Олардың барлығы әлеуметтік жұмысқа, жастар практикасына, тұрақты және маусымдық жұмыстарға жіберілді, сонымен қатар 724 адам жаңа кәсіпке оқыса, 44 адам несие алып, ісін бастады, қоғамдық жұмыстарға мың қаралы жас барды» деді Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Жыл бойы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 4310 жас маман ауылдарға өз мамандығымен жұмысқа тұрған. Оларды әлеуметтік жағынан қолдау үшін 4 миллиард 310 миллион теңгеден аса қаржы бөлінді. Қостанай облысында «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасымен еліміздің оңтүстік, шығыс, батыс өңірлерінен 2015 жас жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алуда.

Кеңес отырысында жастар мәселесіне қатысты облыста көптеген шаруа жүзеге асып жатқанымен, олар үшін қолжетімді білім, жұмыспен қамту орналасу, баспана, әсіресе жас отбасылары үшін пәтер, үй алу мәселесі өткір күйінде қалып отырғаны айтылды. Алдағы «Жастар жылы» елімізде 11 бағытын қамтыған Жол картасы жасалғаны белгілі. Облыста да осы ізбен атқарылар жұмыстар нақтыланатын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай