Ахмет Байтұрсынұлы • 07 Желтоқсан, 2018

Астанада Ахмет Байтұрсынұлы оқулары өтті

738 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақ тіл білімі кафедрасы, Астана қаласы №48 мектеп-лицейі, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» аясында «Рухани жаңғыру және Алаш мұраты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Астанада Ахмет Байтұрсынұлы оқулары өтті

Конференцияға университет проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Жарқынбекова, Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Бейсенбай, №48 мектеп-лицейінің директоры Зәуре Садықова, сондай-ақ Жантас Жақып, Орынай Жұбаева, Бекжан Әбдуәлиұлы, Сағымбай Жұмағұлов, Қайырбек Кемеңгер, Теңгеш Қаленова т.б. ғалымдар қатысты. Бұған қоса, Түркия мен Башқұртстаннан шақырылған қонақтар Алаш қайраткерлері туралы өз ойларын ортаға салды.

Конференцияның мақсаты қазақ халқының біртуар перзенті ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым ете отырып, Алаш қайраткерлерінің тағылымын ғылыми тұрғыдан зерделеу, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру.

Жас ұрпақты кешегі бабалар ізімен тәрбиелеу, яғни ұлттық таным тұғырларының үздік үлгілерін негізге ала отырып, болашаққа жаңаша көзбен қарау «Рухани жаңғырудың» басты қағидаларының бірі. Конференцияда тарих, тіл, мәдениет, ұлттық педагогика т.б. секілді рухани құндылықтар қамтылды. Түрлі сала мамандары өз пікірлерін ортаға салып, ғылыми ойларын бөлісті.