Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2018

Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық

872 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Түркістан облысы әкімі жанындағы  «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында  өткен алқалы жиынды өңір басшысы Жансейіт Түймебаев «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық» деп атауды ұсынды.

Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық

Негізгі мақсаты Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстарды, пікір-ұсыныстарды талқылау болатын жиында  жазушы Мархабат Байғұт, Сарыағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, Жетісай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Тойым Жүнісов, тарих ғылымдарының докторы, археолог Бауыржан Әбішұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның түрколог ғалымы Сейсенбай Құдасов, Халықаралық «Түркология» орталығының ғылыми қызметкері Қазыбек Тәжиев, тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.

Ал Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баяндамасында, жиынның маңыздылығына тоқталды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы Түркістанға арнайы тоқталып, ұлы шаhарды дамыту мәселесін айтты. Міне, осыған орай, мақалада айқын көрсетілген тарихымыз бен жобаларды қолға алып, ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда және Түркістан облысын дамытуға барлығымыз бірлік пен татулықты ту етіп еңбек етуіміз керек», - деді облыс әкімі.

Жиынға қатысушылар айтылған ұсыныс-пікірлерді талқылай келе, қарар қабылдады. Сондай-ақ, Алқалы жиында өңір басшысы «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында туған жеріне сүбелі үлес қосып жүрген Сырым Ертаев, Талғат Ысқақов, Айыпхан Айымбетов, Бағлан Сүгірбаев сынды азаматтарды «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттады. Рухани шараның соңы «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар», «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» атты кітаптардың тұсаукесеріне ұласты.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы