Өнер • 07 Желтоқсан, 2018

Суретшінің «Сал өнері» әдістемесі

1482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына суреттерді көргенде ойыңызға бірден не түседі? Түстер арқылы адам мінезі мен көңіл күйін болжауға, болмыс ерекшеліктерін анықтауға, тіпті жаны мен тәнін сауықтыруға болады екен. Арт-терапевт, суретші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақытбек Аңсапбергенұлы Талқамбаевтың ерекше әдістемесі «сал өнері» деп аталады.

Суретшінің «Сал өнері» әдістемесі

Біз көрме өтіп жатқан залға кіргенімізде оң қаптал, сол қапталға тұтастыра ілінінген қызылды-жасылды түрлі-түсті сурет картиналары бір сәт жайнап кеткендей болды. Көрмеге автордың «Қазығұрт», «Ғайып Ерен Қырық Шілтен», «Он сегіз мың ғалам», «Өмір-өзен», «Жаңғырық», «Жұлдыздар жолы», «Мәңгілік», «Көкірек көзі», «Кристалды құс» сынды бірқатар туындылар топтамасы қойылыпты. Үздіксіз динамикалық қозғалысқа негізделген картиналарда қызыл, жасыл, көк, сары, қара түстерге басымдық берілген. Символикалық мән-мағынасымен белгілі бір ырғаққа бағынған өрнектердің әрқайсысы өзінше бір сырды, құпияны бүгіп жатыр.

Арт-терапевт, суретші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бақытбек Аңсапбергенұлы ТалқамбаевКөрмеге келген өзге қатысушылар әлдеқашан арт-терапияға құлшына кірісіп кеткен екен. Уақыт оздырмай біз де қатарға қосылдық. Алдымен қолыңыздағы ақ парақты теңдей етіп 12 бөлікке сызып, әр төртбұрышты толтыра сурет салуыңыз керек. Сіздің ішкі жан-дүниеңізге жол сілтейтін бұл амал «12 текше әдісі» деп аталады. Шығармашылық процесті арт-терапевт мұқият бақылап, ішкі әлеміңіздің мазмұнын оңай көрсетуіңізге көмектеседі. Суретшінің айтуынша, түрлі-түсті бояулармен көмкерілген мұндай өнердің қазақ халқына таңсықтығы жоқ, ұлттық дүниетанымдық тұжырымдар қазақтың ою-өрнектерінде, даналық сөздерінде, мақал-мәтелдерінде әуелден жасырынып жатыр.

– Өзімнің шешем өрнегі мен бедері бір-біріне әсте ұқсамайтын алаша, кілемнің түр-түрін тоқитын. Мұның барлығын қайдан үйрендіңіз деп таң-тамаша боламын. «Жоғарыдан береді» деп ісін жалғастыра түседі. Оған да болмай «жоғарыдан қалай береді?» деп сұраймын. Сонда «Алланы сүйсең, саған да береді» деп жылы жымиятын. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы ізгілік идеясы төрт тараптан қонатын – шындық, бақ-дәулет, ақыл, қанағатқа негізделеді. Осы төрт құбыла энергиясы оянып, бір-бірімен араласқан кезде рухымыз кемелдене түседі. Немесе Шәкерім Құдайбердіұлының шығармашылығында:

«Үйренсе ғылым менен сал өнерін,

Білер еді-ау өнердің не берерін.

Танысса ақын, ойшыл адамымен,

Табар еді-ау адалдық, ар көмегін», деп келетін жолдар бар.

Қазақтың сан ғасырлық танымы мен мақал-мәтелі ар ілімнің жолдары. Шындықтың жолы біреу-ақ. Мен үйретіп жүрген әдістеме «сал өнері» деп аталады. Студияға келген шәкірттер азғантай күннің ішінде өз ішіндегі кереметтердің сырына қаныға бастайды. Кескіндеме мен графиканы шебер меңгеріп қана қоймайды, олардың жұмыстары ішкі шындығын қағаз бетіне айнытпай түсіре алатын көркемдігімен ерекшеленіп шыға келеді. Өнерді сүйе білген, ұға білген адамға берері көп, – дейді суретші.

Ішіңіздегі жылдар бойы қатталып жатқан ешкімге ашып айта алмайтын сезімдеріңізді қағаз бетінде түрлі-түсті бояулармен бейнелеу арқылы бейсанаңыздағы теріс ақпараттардан арыласыз. Осылайша адам өз бойындағы қуат көздері мен арналарын тазарта отырып, жоғары әлемнен келетін күш-қуатты қабылдайды.

Бақытбек Аңсапбергенұлының әр қалада ұйымдастырылатын көшпелі мектебіне 3 жастан 80 жасқа дейінгі ізденушілер жазылады. Олардың басым көпшілгі ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, өзіне қол жұмсап тірі қалған жандар болса, өмірден орынын таба алмай жүргендер де осында келіп ұстаз дәрісіне қатысады екен. «Сал өнері» сурет әдістемесін елімізде ғана емес, көп жылдан бері Түркия, Германия, Франция, Швейцария, Ресей елдерінде көпшілік өнер сүйер қауымға да жиі таныстырып келеді.

"Галерея Прогресса" арт-алаңы, Киров, 2015 жылТіпті Швейцарияның Психологиялық энергия университеті (Лугана) суретшіге профессор аттестатын беріп, аталған университетте сабақ өткізуге де шақырған. «Өнерде шекара жоқ» дейміз, әйтсе де бейнелеу әдісінің ерекшелігімен талайды таңырқатып жүрген суретші туған өлкесінде қызмет етуді жөн көріпті. Оның ендігі арманы арнайы шығармашылық  дамыту орталығын ашу. 

– Өз жерімде балаларды оқытатын мектеп ашқым келеді. Осы әдістемемен жұмыс істеп келе жатқаныма тұп-тура 32 жыл болыпты. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледім. Енді осы көшпелі мектебімді орнықтырып, арнайы шығармашылық орталық ашсам деймін.  Махаббат – рухани азық, сондықтан жас ұрпаққа жаратылысты сүю өнерін, сұлулықты сезінуді үйреткен абзал, – дейді суретші Бақытбек Аңсапбергенұлы.

Арт-терапияның мақсаты барлық адамнан суретші жасап шығару емес, керісінше шығармашылық сенімін қалыптастыра отырып, ашу-ыза болмаса басқа да негативті сезімдердің бойды босатуына, одан шығар жолды табуға мүмкіндік беру. Жалпы сурет өнері арқылы, онда да осындай күрделі геометриялық сызбаларды қиюластыру шеберлігі психотерапияда бұрыннан белгілі. Әсіресе ішкі үндестік пен сенімді нығайту үшін, сарсаңға салған уайымды жеңу мақсатында қазіргі күні кең қолданыс тапқан.

Ая ӨМІРТАЙ,

Фотоға түсірген Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше