Қазақстан • 09 Желтоқсан, 2018

Алпамыс Шәрімов: Қайырымдылық жасау үшін бай болу қажет емес

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қайырымдылық Гранд балының дебютанттары Қарттар үйінде қайырымдылық концертін өткізді.

Алпамыс Шәрімов: Қайырымдылық жасау үшін бай болу қажет емес

Шара шымылдығын Астана қайырымдылық Гранд балының негізін қалаушы Алпамыс Шәрімов ашты:

«Тәуелсіздік, Жаңа жыл мерекелерінің қарсаңында бүгін сіздерді арнайы құттықтауға келіп отырмыз. Бұл 18 желтоқсанда өтетін кеш аясында ұйымдастырылып отырған шара және сол кешке біз сіздермен бірге тосынсый дайындайтын боламыз», деді ол.

Концерт басталғаннан қариялардың көңіл-күйіне ерекше әсер етті. Әуезді әннен басталған кеш сахнаны әрлей түскен ұлттық бимен жалғасты. Шара кезінде бірде-бір қарияны назардан тыс қалдырмаған ұйымдастырушылар бірге би билеп, ән шырқап, түрлі ойындар ойнатты.

Қайырымдылық Гранд балы ең алғаш рет Алпамыс Шәрімовтың ұйымдастыруымен 2015 жылы Орал қаласында бастау алған, ол естіп-сөйлеу қабілетінен айырылған балалар мектеп-интернатына арналған кеш болатын.

«Мен 4 жыл қатарынан Орал қаласында бұл шараны ұйымдастырып келемін. Биыл Астана қаласының Қоғамдық даму істер басқармасы маған осы шараны ұйымдастыруға ұсыныспен келіп, қолдау көрсетіп отыр. Мұндай кештерді өткізудегі мақсатым – жастарды қайырымдылыққа үндеп, көпшіліктің көкейіндегі «қайырымдылық жасау үшін бай болу керек» деген ұстанымды жою», дейді Алпамыс Шәрімов.

Айта кетейік, Астана қайырымдылық Гранд балы аясында балалар үйінде қайырымдылық концерт, шеберлік сыныптары және «Жүректен жүрекке» акциясы өтеді. Осы акция кезінде әлеуметтік жағдайы төмен 150 отбасыға тосынсый жасалатын болады.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»