Руханият • 10 Желтоқсан, 2018

Тарихқа жаңаша көзқарас

1039 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні Астанада Түркия, Ресей, Украина, Беларусь, Әзер­бай­жан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің танымал ғалымдары мен еліміздің барлық өңірлерінен жетекші тарихшы ғалымдар қатысқан «Рухани жаңғыру: тарихи сана қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Елбасының кітапханасы, БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты бірлесіп ұйымдастырған ауқымды шарада мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық өкілдіктер басшылары, депутаттар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. 

Тарихқа жаңаша көзқарас

Конференция барысында «Тарих ғылымының азаматтың қоғамдық санасын қалыптастырудағы орны», «Қазақ­стан тарих ғылымының тәуел­сіздік жылдарындағы дамуы» және «Ғылыми-зерттеу орталықтарының тәуел­сіз Қазақ­стан тарихын зерттеу мен наси­хаттаудағы рөлі» сынды бағыттар бойын­ша жұмыс жүргізілді. 

Қатысушылар тәуелсіз Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы Назарбаевтың «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында рес­­пуб­лика халқына ұсынған тарихи сананы жаңғырту идеясының өзектілігін әңгімеледі. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысының саяси-тарихи тақырыптарға жазғ­ан 20-дан астам іргелі еңбектерінің Қазақ­станның тәуелсіздік кезеңінің тари­хын зерделеуде маңызды дерек­көзі бо­ла­тынын ортаға салды. Сон­дай-ақ тәуел­сіз Қазақстанның тарихын жаңаша көз­қарас­пен зерделеуде және наси­хаттауда елі­міздегі жоғары оқу орын­­дарын­дағы, ғылыми мекемелердегі та­рих­­шы ға­лым­дармен бірге Елбасының ті­ке­лей тапсырмасымен құрылған Мемле­кет тарихы институты ұжымының 10 жыл ішін­дегі ғылыми еңбектерінің үлесі аталып өтті. 

Жиын тізгінін ұстаған Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі тарихшы Бүркітбай Аяған Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарих ғылымы бұ­рынғы маркстік-лениндік методологиядан бас тартып, тарихқа басқаша бағыт ұстану керектігін ұқтырып отырғанды­ғын айтты. «Біздің бүгінгі конферен­ция – «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» деп аталады. Өздеріңіз білетіндей, қараша айында Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шыққан кезде біз қатты қуандық. Себебі ол мақаланың бір керемет маңызы – бұрынғы маркстік-лениндік методология­дан бас тарту. Мұндай бағдар біз үшін өте маңызды, себебі тарихты зерделеуде бұрынғы зерттеу сүрлеуінен шыға алмай жүрген ғалымдарымыз әлі де аз емес.

Қазақстан тарихшылары соңғы кезде бір үлкен қозғалыста. Шын мәнінде тарихшылар менің ойымша, көп жұмыс атқарып жатыр. Соның арасында қандай десеңіздер, мектеп және жоғары оқу орындарына жаңа методология бойынша кітап, хрестоматиялар дайындалған. Олар бұрынғы кеңестік идеология емес, қазіргі заманға сай, тарихи негіздемелерге сүйене жа­зылған. Мәселен, бұрын айтылмай келе жатқан Алаш тарихы, Қазақстан дала­сындағы ашаршылықтың, тіп­ті Екін­ші дүниежүзілік соғыстың да себеп­тері мен салдары, кеңес империя­сында бол­ған қазақ даласының тағдыры, тәуел­сіз­дік алған кезде біздің қандай ел болып шық­қанымыздың бәрі қамтылған», деді ол. 

Конференция барысында «The history of  Kazakhstan», «Қазақстан дипломатия­сы», «Горизонты национальной истории», «Қазақстан тарихы», «Әбілқайыр Шай­бан», «Қазақстандағы көші-қон және демо­гра­фия­лық ахуал» кітаптары таныстырылды.

Қырғызстаннан келген тарих ғылым­дарының докторы, профессор Зайнид­дин Құрманов: «Шынымды айтсам Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары тарихқа өзге­нің емес, өзіміздің көзімізбен қарауға үн­деп, соның бағыт-бағдарын ұсынды десем болады» десе, Анкара қала­сын­дағы Әлеуметтік ғылымдар уни­вер­си­теті­нің саяси ғылымдар факуль­теті ха­лық­аралық қатынастар бөлімі Түрік әле­мі институтының директоры Мариям Хаким: «Н.Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» дегені, анығында «Ұлы өркениеттің жеті қыры» дегені. Ағылшынша да солай қабылданады. Біз енді осы сөзді әлем алдында толықтай дәлелдеп беру керекпіз», деді.

Сондай-ақ келелі жиында өзге де ғалымдар сөз алып, Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­лама­лық мақалалары идеяларын және тарихи еңбектерін насихаттау мен тү­сіндіру жұ­мыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дамыту рухында, ұрпақтар сабақтастығын жал­ғастыру жолында тарих және қоғам­дық ғылым өкілдерінің күш-жігерін барынша жұмылдырудың тиімді жолдарын анықтауды талқылады. 

Конференцияға қатысушылар ғылы­ми қауымдастықтың барлық өкілдерін, мем­лекеттік органдарды, қоғамдық ұйым­­дарды және бұқаралық ақпа­рат құралдарын, еліміздің гүлденуі жо­лын­да белсенділік танытуға, қазақ­стан­­дықтардың тарихи санасын қалып­тас­тыруға, сол арқылы халықтың бірлігі мен тұтастығын қалыптастыруға үлес қосуға шақырды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар