Театр • 10 Желтоқсан, 2018

Мүлік Сүртібаевтың 100 жылдық мерейтойына орай өрбіген ойлар

942 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Мүлік Сүртібаевтың 100 жылдық мерейтойына орай өрбіген ойлар

Көрермендер сілтідей тынып қалған. «Сахна мен залды көзге көрінбейтін бір құдіретті тарту күші байланыстырып тұрғандай. Театрда отырған ел сахнаға елеңдесіп, соған еріксіз елтіп, еріп отыр. Әсіресе, сойқан соғыс лаңынан соқыр соқпаққа түсіп, тағдыр тауқыметін тартқан бас кейіпкердің жан дүниесі, сырт­қы қиналыс, ішкі күйзелісі, тіпті театр­да отырғандарын да ұмы­тып, спектакльдегі орталық кейіп­кер тағдырын дәл қазір өз бас­тарынан кешкендей халде...

Міне, спектакль де аяқталды. Сарт-сұрт соғылған алақандар көрер­мендердің ыстық ықыла­сын паш етеді. Біреулер сах­наға шығып, актерлерге гүл шоқ­тарын сыйлап жатыр. Сах­на­ны гүл көмкеріп тастады. Гүл шоқтары бас кейіпкерді ой­­на­ған орта бойлы, қоңыр өң­ді, ойлы, мұңлы жанарымен көрер­­­мендерге көз тіккен таны­мал актерге, әсіресе көбірек ұсы­­ныл­ды. Бұл орынды да еді. Өйт­кені бүгінгі спектакльдің ең ауыр жүгін арқалаған да, шағала ша­быт­тың ақ қанатын ақ алмас­тай сермеп, шеберлік танытқан да, әріптестерінің ажарын ашып, абыройын асырған да –  сол. Иә, жүректің отын сөндірмей, өнерімен жан-жағына жарық сәуле шашқан да – сол.

Бұл М.Әуезов театрының сахнасында режиссер А.Өтегенов қойған «Белгісіз батыр» спектак­лі еді. Ал бас кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып жайып салған алымды актер, сахна­ның белгілі суреткері, Қазақстан­ның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Мүлік Сүртібаев болатын.

Оның өнердегі жемісті жолы сонау отызыншы жылдардан бас­талады. Мектепте оқып жүрген кезін­де-ақ сахнаға шығып, өнер­ге қабілеті барлығын таныт­қан Мүлік арнаулы білім алып, ту­ған халқына талмай қызмет ету­ді қалады. Сол ойы 1933 жылы Қарағандыдағы жаңадан ашыл­ған театр студиясына алып келді. Оны 1936 жылы тәмамдаған ол сол сәтте ашылған Қарағанды об­лыстық драма театрына жұмыс­қа орналасты.

Театрдың тұңғыш режиссері Рақым Ильматов жас актерге Қозы, Төлеген тәрізді жүре­гі дерт, жаны өрт, ғазиз ғашық­тар­дың рөлін жүктеді. Осынау ардақ­тардың ақ алмастай өткір, таңғы шықтай таза сезімдерін бейнелеу үшін Мүлік өзінің барлық жастық жалынын жұмсады. Содан да бұл бейнелер актердің жа­с­тығына, тәжірибесінің азды­ғына қарамастан, сәтті шық­ты. Қарағанды театры 1943 жылы К.Гольдонидің «Екі мыр­за­ға бір қызметші» пьесасы бо­йын­ша спектакль қойып, Тру­фаль­дино рөлі Мүлікке тап­сы­рылған-ды. Бұл Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіне орай, Киевтің Леся Украинка атын­дағы драма театрының Қара­ған­дыға келіп, жұмыс істеп жат­қан кезі еді. Киев театрында Тру­фаль­диноны ойнаумен аты шық­қан Украин халық әртісі Лаврор Мүлікке қол ұшын созды. Екеуі талай мәрте театрда оңаша қалып, образ кілтін табу үшін аянбай тер төкті. Спектакль сахнаға шыққанда, табанды актердің талантты ойы­нынан ізденістің жемісті іздері айқын танылды.

1951 жылы Мүлік Сүртібаев­тың шығармашылық өміріндегі елеулі бір кезең болды. Сол жылы Мүлік еңбек ететін Қарағанды театры ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абайын» сахнаға шығарды. Абай рөлінде – Мүлік. Бұл өсу үстіндегі, ізденіс жолындағы актер үшін аса қиын асу еді. Тағы да талант пен табандылық көмек­ке келді. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндерден кейін өмірге келген ұлы ақын Абайдың сахна­лық бейнесі халықтың қамын ойлаған, әділдікті, махаббатты қорғаған күрескер ақын болып көрермен көкейіне ұялады. Сүрт­ібаев ойшыл ақын Абайдың «мыңмен жалғыз алысқан» қа­раң­ғы түнектегі жалқы жарық тұл­ға­сын да көрермен көңілін сендіре бейнеледі.

Н.Гогольдің «Ревизорын­дағы» Хлестаков образын шебер бейнелеп, ерекше көзге түскен Мүлік Сүртібаев таланты кино режиссерлердің де назарын аударды. 1955 жылы «Қазақфильм» киностудиясын одақтық экран­ға шығарған П.П.Боголюбовтың «Өжет қыз» фильмінде Аңғарбай рөлінде Мүлік ойнады. Өңі де, өзі де ойнақы машина рүліндегі Аңғарбай – Мүлік көрерменнің көз алдында қалып қойды.

1958 жылдың қуанышы ерекше. Бұл жылы Мүлік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрға шақырылды. Оның астана театрының сахнасында алғаш кездескені Ә.Тәжібаев­тың «Майрасындағы» тен­тек  деуге қимайтын, текті деуге сый­­майтын Бақтияр еді. Содан бері ол осы театр сахнасында талай тар­тымды рөлдерді ойнады. Со­лар­дың ішінен, әсіресе сәт­ті шық­қандары «Қарагөздегі» Нар­ша, «Еңлік-Кебектегі» Кебек, «Айман-Шолпандағы» Әлібек, «Үйленудегі» Подколесин, «Асауға тұсаудағы» Слай, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Жалмұқан, «Той болардағы» Байбол, «Ақын жүрегіндегі» Нәби, «Бөлтірік бөрік астындағы» Сапар, «Құда­ғи келіптідегі» Сұңғат, «Қызға­ныш­тан махаббаттағы» Тристан, «Жат елдегі» Жұман, «Қара қып­шақ Қобыландыдағы» Қара­ман, «Күннен туғандардағы» Про­тасов, «Сөнбейтін оттағы» Тай­ман. Бұлар, бір сөзбен айтқанда, бір-біріне ұқсамайтын көп қыр­лы, алуан сырлы бейнелер.

Мүлік Сүртібаевтың өнердегі өмірі жайлы ойлағанда ағылшын актері Джон Гилгуд ойға оралады. Осы үлкен екі актердің бір-біріне ұқсамайтын өзгеше тағдыры, өзіндік таланттарымен бірге, зер салып қарасаңыз, кейбір ұқсас жайлар да бар. Ол екі таланттың да жетпіс дейтін жеті белге өнердің ауыр жүгін, қымбат қазынасын әкелгендігіне, біраз жасқа келгеніне қарамастан, өз дарындарының жаңа бір қыр­ларын танытып, жетпістен ас­қанда да сахнада жай оғындай жарқылдауында ғана емес, әр рөл сайын өршелене алға ұм­ты­лып, үнемі өсіп отыратын актерлік шеберліктерінде, ойын­дарындағы актерлік алғырлық пен ауқымдылықтың тұтастығы мен туыстығында.

«Жол анасы – із» дейді ха­лық да­налығы. Бүгінде ап-айқын болып сайрап жатқан Сүрті­баев­тың өнерге келу жолы сонау отызыншы жылдары Қара­ған­ды театрының студиясында оқып жүрген шағындағы І.Жан­сүгіровтің «Кек» пьесасында қойшы Тастабан рөлін ойнаған алғашқы, әлі айқын болмаса да, соны ізінен басталып еді. Кейін Мүлік сол ізбен Төлеген, Сой­до, Қозы, Темірлерді адастыр­май алып жүрді де, келе-келе ха­лыққа айқын танылған өзі­нің өнердегі даңғайыр жолына Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатындағы» шын сүйіс­пеншілік құрбаны Фердинандты, Н.В.Гогольдің «Ревизорындағы» даңғой Хлестаковты, Ш.Құ­сайыновтың «Алдар көсесін­дегі» айлакер, тапқыр Алдар­д­ы, М.Ақынжановтың «Ыбы­рай Алтынсариніндегі» ғұлама ағартушы Ыбырайды, М.Әуезов­тің «Қара қыпшақ Қобы­лан­дысындағы» батыр Қобылдан­дыны, осылар сынды тағы да басқа алуан түрлі, сан қырлы саң­лақ бейнелерді алып шықты.

Мүлік Сүртібаевтың өнер өл­ке­сін өзгелер өсірмеген өзге­ше гүлмен көмкерген жарты ға­сыр­дан астам қиын да қастерлі ең­бе­г­і­нің алғашқы жиырма жылы Қарағанды драма театрымен, соң­ғы қырық жылы М.Әуезов театры­мен тығыз байланысты. Осы екі сахнада ол жасаған ұзын сан­ы екі жүзден астам көр­кем об­­раз­­дардың бәрін бірдей ті­зіп шығу мүмкін де, қажет те емес. Со­­лар­дың тағы бірі деп, біз бия­­зы Әлібек, қасарма Құ­дай­бер­­ген, ойлы, мұңлы Жан­сүгір, ай­ла­­кер Әбілқайыр, мансап­қор Сат­­тар, сырты бүтін, іші тү­тін Керім­­бай сияқты бір-біріне сырт тұл­ғасымен де, ішкі жан дү­ние­сімен де мүлдем ұқса­май­тын, сонысымен қиын да қы­зық­ты көптеген көркем бей­не­ні айтар едік. Аударма деп ата­латын асыл қазынаға М.Сүр­ті­баев қос­қан үлестің қомақ­ты­лы­ғына «Отел­ло­дағы» жалғыз Род­ри­го­ның өзі-ақ айқын айғақ бола алады. 

М.Сүртібаев жасаған «Өжет қыз­дағы» Аңғарбай, «Біз­­дің сүйік­ті дәрігердегі» Мұ­рат, «Бота­­гөздегі» Мадияр тә­різ­­ді эк­ран­­­­дық бейнелер В.Г.Белин­ский­­дің: «Өнер дегені­міз – көр­кем образ арқылы ойлау» деген анық­тамасына лайық еңбек.

Біз Сүртібаев жасаған рөл­дер­дің отыздан бірін ғана еске алдық. Соның өзінен-ақ актер ерекшелігін аңғару қиын емес. Ең алдымен, Сүртібаевтың ак­тер­лік ауқымының кеңдігі, ал­­ғыр­­лығы, алымды таланты к­ө­рер­­мен көпті өзіне тәнті етпей қой­майды. Пластикалық қозға­лыс, кейіпкердің жан дүниесіне үңіле алатын, сахнаның саңлақ суреткеріне тән сұңғылалық, қазақ сөзінің қаймағын бұзбай жеткізетін құлаққа жағымды қоңыр үн, айтар ойын еркін жет­кізе алатын ұтымды трактовка. Міне, сахнаның майталман шеберінің өзіндік ерекшелігі де, сан мінезді мінсіз мүсіндейтін айрықша ажарлы зергерлігі де осындай сан тәсіл, алуан түрлі әсем бояулардан нәр алған.

Талантты өнерпаз Мүлік Сүр­тібаевтың актерлік талантын әдебиет пен өнердің аса көрнекті өкілдері де өте жоғары бағалады. Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Сүртібаев –көзінің бір ғана қырымен көпті аңғартатын үлкен шебер актер»,  деп бағалайды. Театр өнерінің қыры мен сырына жетік, қыран жанары қиядағыны шала­тын Ғабит Мүсірепов сонау 1951 жыл­­дың өзінде-ақ былай деп жа­зып­ты: «Сүртібаев жасаған Абай образына қалтқысыз се­ніп отырасың... Біздіңше, Абай рөлін­де ойнаған қазақ әртіс­тері­­нің ішінде ең ұнамды образ ж­а­сағаны, осы Сүртібаев жолдас».

Әдебиетіміздің алыптары айтқан осы үзік пікір көп сырды аңғартса керек.

Сүртібаев комедиялық рөл­дер­ден трагедиялық рөлдерге дейін ойнай алатын ауқымды актер десек те, біздіңше, оның сан қырлы талантының барын­ша жарқырап ашылатын кезі күрделі психологиялық план­дағы кейіпкерлер мен траге­дия­лық классикаларды ойна­­ған сәт. М.Сүртібаевтың актер­­лік ерек­шеліктері мен шығарма­шы­­лық табыстары жайлы ор­та­лық «Правда» газетінен бас­тап, одақтық, республика­лық, облыстық кейде тіпті аудан­дық газет­терде де көп жазылды. Театр­­­дың белгілі сыншылары Н.И.Львов, О.Н.Қайдалова Мәс­­­­кеуде жарық көрген кітап­тарын­­да, Н.Абалкин, Е.Д.Сурков одақтық БАҚ-та Сүртібаев талантын жоғары бағалады.

Есімі елге әйгілі болған Мүлік Сүртібаевты осынау биікке жеткізген бір ғана табиғи талант десек, ағат айтқан болар едік. Рас, өнерде табиғи таланттың ең басты, шешуші маңызы бар. Әйт­се де, жан қинап, азапқа сала­тын ауыр еңбексіз қандай құдіретті таланттың өзі де тұл. Ендеше, М.Сүртібаевтың жас­тар үлгі алар ерекше қасиетінің бірі – өзгеше еңбекқорлығында, ізденімпаздығында дер едік. Актер М.Сүртібаев өзінің өнер­дегі, өмірдегі серігі, Қазақ­стан­ның халық әртісі Әйкен Мұса­бекова екеуі төрт бірдей перзент тәрбиелеп өсірген ардагер әке де. «Құрмет Белгісі» ор­денінің кавалері Әйкен Мұса­бекова 1956 жылдан бері М.Әуезов театрында өнер көр­сетті. Әйкен жасаған сан алуан сах­налық образдар сапында өз бақы­ты мен махаббаты үшін күрес­кен Еңлік пен Баян («Еңлік-Кебек» пен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), ойнақы Айман мен ойлы Зәуре («Айман-Шолпан мен «Майдан»), аяулы Әйгерім, ажарлы Айбарша («Абай» мен «Майра»), күтуші әйел («Фархат-Шырын») және басқа да біраз бейнелер бар.

Ә.Мұсабекованың «Парторг» спектаклінде парторг Жамал бей­несін сәтті шығаруы – талантты актрисаның ірі твор­честволық табысы болды.

Актриса «Егер біздің әрқай­сымыз», «Ботагөз» кино­фильм­деріне түсіп, есте қалар бейнелер жасады.

Мүліктің театрға жыл са­йын келіп қосылып жатқан жаңа толқын жастарға деген қам­қор­лығы өзінше бір әңгіме. Бей­нелеп айтсақ, ол шілденің аптабы мен аңызағында саясында сан адам­ды паналатқан өнер дей­тін ғаламат әлемдегі ғажап бір бәй­терек. Театр табалдыры­ғын жү­рекс­іне аттаған талай жас­қа сол бәйтерек өзінің ыстық, қам­қор құшағын жайып жүрді. Ол өнердің бұрылысы көп қиын жолына түскен барлық жастың, барша таланттың қамқоры. Әйтсе де, сол махаббат оны өнердегі принципті әңгімелерді, ащы шындықтарды ашып айтуына ешқандай кедергі келтіріп көрген емес. Мүлік Сүртібаевтың жанына, әсіресе, жақын екі досы бар. Оның алғашқысы – талант, екіншісі – шындық. Адамның әу бастағы, жаратылысындағы, бітім-болмысындағы қасиеттер, тіпті кейінгі тәрбие жемісі де оның өнеріне әсер етпей қой­майды, қашан қандай талант болмасын, өз туындысында аз да болса өз ой сезімін көр­сет­пей қала алмайды. Бұл оның стихиясы. Олай болса, өмірдегі тазалықтың өнерге де әбден қатысы бар. Бұл тұрғыдан алғанда да М.Сүртібаев өзінің жалтаңы жоқ, пайымы көп парасатты өз талантына дарыта алған сұңғыла суреткер. Халқымыз қадірлеп, еңбегін лайықтап бағалаған тарлан таланттар, бақытымыз­ға орай ұлттық театр өнерімізде де баршылық. Тастың өзіне тіл бітіріп, ұяң жымиған уылжыған келіншектің сәл ғана езу тартқан жұмсақ та жұмбақ күлкісіне оның жан дүниесіндегі жасырын сырларды өре білген әлемге әйгілі «Джаконданың» авторы Леонардо да Винчи 1519 жылы екінші май күні: «Шаршаған­нан өлген жақсы», депті де, ал­пыс жеті жасында көз жұмыпты. Бұл ұлы ма, кіші ме – бәрібір, барлық талант атаулының стихиясы, шығармашылық тоқырау­ды жүректің тоқтауымен бірдей көретін таланттардың бірі – үлкен іс тындырған қазақ сахна өнерінің сайыпқыраны, халқы­мыздың мақтанышы – Мүлік Сүртібаев, мұндай қай­ратты, парасатты азамат, үлкен талант иесі қай құр­метке де лайық.

Әр актердің өзгеге ұқсамай­тын өзгешеліктері болады. Біреу­лері комедиялық, екін­ші­лері пси­­хо­ло­гиялық, тағы біреу­лері тра­ге­диялық рөлдер­ге бейім келеді. Мүліктің артықшы­лығы – ак­тер­лік ампуласы кең, сан қырлы талант еді.

Сұлулықтың, өнердің сұлу­лығын ешбір дауыл, ешқандай жауын сөндіре алмайды. Өнері­мен, талантымен кең дүниеге та­нылған ұлы адамдарды уақыт та өл­тіре алмайды. Сүртібаев­тың өзі өлгенмен, аты өлген жоқ. Мү­­лік есімі – ел есінде, жүректе. Оның та­лантын келер ұрпақ, кемел та­рих әлі талай танып алады. Иә, сұлулық сөнбейді, ұлылық өлмейді...

II

Қазақтың таулары қандай асу бермес асқар болса, оның талантты перзенттері де сондай асқақ. Қазақтың даласы қандай кең болса, сол даланы дүбірге бөлеп көсіле шапқан жүйріктері де сондай кең тыныс­ты, кемел ойлы. Сол ұлан-ғайыр ұлы даланы ұй­қысынан оятып көсіле шап­қан тұл­парлар тұяғының дүрсілі құлақ құрышын қандырады. Мүлік Сүртібаев бізден алыстап бара жатса да, кең даланы көсіле шап­қан дүбірі құлақ түбінен кет­пей­тін сондай қанатты тұл­пар­ларымыздың бірі.

Халқының қасиетін жанымен ұққан өнерпазға өлім жоқ. Хас тұлпарлар қашанда халықтың көкірегінде!..

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

АЛМАТЫ