Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Сауалнама: Қазақстан – ең тұрақты әрі табысты ел

709 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы кеңістігіндегі елдер арасында ең тұрақты әрі табыс­ты дамып келе жатқан мемлекет – Қазақстан. Ресейліктер арасында жүргізілген сауалнамада көпшілік қауымның пікірі осындай болды.

Сауалнама: Қазақстан – ең тұрақты әрі табысты ел

Желтоқсанның 4-інде «Россия сегодня» халықаралық ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерт­теу орталығының (ВЦИОМ) Ресей азаматтарының ТМД елдеріне көз­қарасын анықтайтын жыл сайынғы зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Ресейлік респонденттер ТМД елдерінің жетістігін қалай бағалай­тыны, қайсысын Ресейдің әріптесі ретінде көргісі келетіні және  мемлекеттер басшыларының қайсысына сенім білдіретіні жөніндегі сауал­намаға жауап берген. 

Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы департаментінің директоры Степан Львовтың айтуынша, сауалнама 2018 жылғы 8 қазанда Ресейдің 1600 респонденті арасында өткізілген. Зерттеу 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы жылғы зерттеу көрсеткендей, ТМД кеңістігінде ресейліктер Қазақстанды және Беларусь Республикасын ең тұрақты және табысты деп есептейді. 2010 жылдан бастап Қазақстанға қатысты ең жоғары нәтиже белгілі болды: респонденттердің 52%-ы (2017 жылы 41%) жауап берген. Қазақ­станнан басқа ТМД елдері жетістік рейтингінде қалыс қалған. Әзербайжан 2018 жылы 16% (2017 акциясында 14%) жинады, Армения –  14% (2017 акциясында 16%), Грузия – 12%, Өзбекстан – 10%, Түрікменстан – 8%, Қырғызстан және Тәжікстан – 5%, Молдавия – 4%, Украина 2% жинаған. 

Осы сауалнама бойынша  Қазақ­стан мен Беларусь президенттері дәс­түрлі түрде посткеңестік мемлекеттер көшбасшыларына сенім рейтингінде көш бастап тұр. 

Зерттеудің осы нәтижелеріне түсініктеме бере отырып, өңірлік проб­лемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев келтірілген сауалнама осы елдерде ешқашан болмаған қарапайым ресейліктердің пікірі екенін назарға алды. «Яғни бұл адамдардың осы елдерге деген көзқарасы  емес, олар туралы ақпа­ратқа деген көзқарасы», – деп атап өтті сарапшы. 

Сарапшылардың пікірінше, зерттеу нәтижелері посткеңестік кеңіс­тіктегі үдерістердің динамикасын нақты көрсете алады. Бұрынғы КСРО кеңістігіндегі елдерде жаңа көшбасшылардың пайда болуына қарамастан, ресейліктердің Қазақ­станға және оның Президентіне деген қатынасы тұрақты жоғары деңгейде қалып отыр.

«Российская газета» тілшісінің «2025 жылдан кейін латын әліпбиіне көшуіне байланысты Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін бе?» деген сұрағына, барлық сарапшылар бірауыздан олай деп ойламайтынын айтқан.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»