Әлем • 10 Желтоқсан, 2018

Жүк тасымалы жандана түсті

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Украина порттарынан Азов теңізі арқылы жүк тасымалдау қайта жанданды. Украинаның инфрақұрылымдар министрі Владимир Омелянның айтуынша, Керч түбегіндегі кедергілер жойылып, кеме қатынасы қалпына келе бастаған.

Жүк тасымалы жандана түсті

Мәскеу бұл мәселеге қа­тыс­ты түбек арқылы өтетін кеме жолын ешқашан жауы­п тастамағанын, кідірістер бай­қалған болса, ол «ауа ра­йы­­ның қолайсыздығынан туын­дауы мүмкін» екенін мәлімдеді.

Іргелес екі елдің арасын­дағы қарым-қатынастың бұ­рынғыдан да шиеленісе түсуі қарашаның 25-інде ре­сей­лік әскерилердің Украи­наның үш әскери ке­месін атқылап, 20 шақты теңізшісін тұтқынға алуынан кейін байқалған-ды.

Бұл оқиғаға қатысты қос тарап бірін-бірі кінәлап отыр. Мәскеу «Киев арандату мақсатымен біздің теңіздегі шекарамызды қасақана бұз­ды» десе, Украина «бұл Ре­сейдің кезекті басқын­шылық әрекеті» деп мәлімдеді.

Осыдан кейін Украинаның Жоғарғы радасы президент Петр Порошенконың елдің жекелеген облыстарында отыз күнге дейін соғыс жағ­­­да­йын енгізу туралы жар­лығын ма­құлдады. Ал Ресей тарабы ұсталған теңіз­ші­лерге шекараны заңсыз кесіп өткені жөніндегі баппен айып тақты. Мұндай бап­пен айыпталғандарға қол­­данылатын жаза – алты жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру. Соңғы мә­ліметтерге қарағанда, украи­­­­налық әскерилер Мәс­кеу­ге жөнелтілген. 

Ресей-Украина шиеленісі НАТО сыртқы істер министр­­лерінің кездесуінде де кө­­те­ріліп, альянстың бас хат­­шысы Йенс Столтенберг Ре­сейді украиндық теңіз­ші­лер мен кемелерді бо­са­туға, сондай-ақ Азов те­ңі­зіндегі Украина портта­рына еркін жол ашуға ша­қырған-ды. Йенс Стол­тен­бергтің айтуынша, одақ­тас­тар Қара теңіздегі әске­ри қимылдарын, бұл аудандағы әуе бақылауын күшейткен.

Қара теңіз бен Азов төңі­регінде Ресей мен Украина шиеленісінің ширыға түсуіне Еуропалық одақ та айрықша алаңдаушылық білдіруде. Жоғарыда аталған НАТО жи­ынында Еуроодақтың Сырт­қы саясат пен қауіп­сіз­дік бойын­ша жоғарғы өкі­лі Федерика Могерини «Украинаның тер­риториялық тұтастығы мен егемендігіне жаңа қауіп төнді және оның сыртқы саудасына кедергілер жасалды», деп мәлімдеді. «Азов теңізіндегі белсенділік Еуроодаққа мү­ше елдердің туын көтерген кемелердің қозғалысын қатты кідіртуде. Бұл экономикамызға ықпал етеді», деді ол. Бұл ретте Украина Еуропалық одақтан Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі күшейте түсуді өті­ніп отыр. 

Ресей билігі болса, бұл оқиғаның астарында Украи­нада алдағы 2019 жылы өте­тін президенттік сайлау қар­саңында саяси ұпай жинау мәселесі жатыр, сол үшін ұйым­дастырылған әрекет де­генді көлденең тартып отыр.

Екі ел арасындағы бұрын­ғыдан да салқындай түскен қарым-қатынас – қазіргі күні жаһандық күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі. Украинаның санкция­лар жө­ніндегі өтінішіне қа­тыс­­ты Еуроодақ жағдай ушы­ға түс­се, тиісті шаралар қол­да­ну жос­парланып отыр­ға­нын мә­лімдеді. Бұл мә­се­ле Еу­ро­­одақтың 10 жел­тоқ­­сан­да өте­тін самми­тінде тал­қы­лан­бақшы.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»