Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2018

Өмір өзіңе керек, жүргізуші!

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы он айда Алматы көше­лерінде орын алған жол-көлік оқиғаларының салдарынан 114 адам қаза тауыпты. Олардың ішінде әлі бұғанасы қатпаған өрімдей жастар да бар. Айтқызбай келетін апаттың алдын ешкім болжай алмайды, алайда тас жолда үзілген тағдырлардың қыршын ғұмыры өзгелерге сабақ болса дейсің.

Өмір өзіңе керек, жүргізуші!

Көлік тізгініне отырғанда «сақтансаң – сақтайды» деген сөзді қаперімізден шығармағанымыз абзал. Жол ережесіне пысқырмайтын жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіріп жатады. Жан түршіктірер апаттардан қол-аяғынан айырылып арбаға таңылып жатқандар қаншама. Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиевтің сөзіне қарағанда, жол-көлік оқиғаларының ең басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Оның ішінде, жылдамдықты шамадан тыс асырып жүруі немесе түрлі оқыс қимыл жасап басқа көліктерге жол бермеуінің салдарынан болып жатады.

Алматылық полицейлер жүр­гізу­шілерге сабақ болсын деген мақсатпен, жан­түршігерлік апатқа ұшырап, тас-талқа­ны шыққан көліктерді қала көше­лерімен алып өтті. Олар мұндай шара ар­қылы жүргізушілерді жолда абай бо­лып, сақ жүруге шақырады. Жол құр­бан­дарын үнсіздікпен еске алып, олардың құрметіне гүл шоқтары қойылды.

 Бұдан былай көлік жүргізушілеріне бұрынғыдан да мұқият болуға тура келеді. Шаһарда жол-көлік апатын азайту мақсатында полицейлер енді көлік жылдамдығын қатаң бақылауға алмақ. Осы орайда барлық бейнекамераларға жаңа ереже енгізілген. Енді қала ішінде сағатына 60 немесе 80 шақырымнан асыруға тыйым салынған бейнеба­қы­лаудан өткен соң, келесі камераға жет­кенше жылдамдықты үдетуге болмайды. Ақылды камералар көліктің сол аралықты қанша уақытта жүріп өткенін әп-сәтте-ақ анықтайды.

 – Жаңа ереженің ерекшелігі – жыл­дамдық шегін тек посттарға жақын жерден емес, бүкіл бағыт бойымен анықтайды. Қазір жүргізушілердің көбі бақылау камераларының алдында ғана жылдамдықты азайтып, посттан өткеннен кейін бірден жылдамдықты мөлшерден асырады. Бұдан былай екі пост арасындағы уақытты дәл көрсететін сервер орнатамыз. Мәселен, сіз сол аралықты 5 минут емес, 3 минутта жүріп өтсеңіз, жылдамдықты асырдыңыз деген ұйғарым шығарылады, – дейді Алматы қаласы ПД техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы Ольга Агафонова.

 Қазір бұл жүйе қала бойынша 110 бекетке орнатылыпты. Ал таяу күн­дері олардың санын 140-қа жеткізу көзделген. Жол ережесін елемегендерге желтоқсан айынан бастап айыппұл салынатын болады. 550 мың көлік ресми түрде тіркелген шаһарға, тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін автокөліктер саны 250 мыңнан асып жығылады. Мұн­дай жағдайда жүргізушілер мәдениеті мен тәртібін қалтқысыз қадағалау оңай шаруа емес. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Айналып келгенде, өмірің өзіңе керек, жүргізуші!

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ