Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2018

Қыздар университеті робот құрастыратын стартап жобалар жасайды

548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдары робототехника бойынша стартап жобалар жасауды қолға алмақ.

Қыздар университеті робот құрастыратын стартап жобалар жасайды

Университетте осы тарапта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы секциялық үйірмелер құру да көзделіп отыр. Онда университет ғалымдары робототехника бойынша өңірлердегі жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларын заманауи зертханалық жұмыстарға тартып, олардың ғылыми әлеуетін көтермек.

Бұған Қыздар университетінің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Физика-математика факультетінің жанындағы «Робототехника» зертханасы Lego, Аrduino және Raspberry роботтарымен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған.

Аталған зертхана нақты екі мақсат бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, қазіргі күнде орта білім саласы үшін заманауи біліктілігі жоғары, бәсекелестік қабілеті мықты маман даярлау міндеті тұр. Бүгінде еліміздің барлық орта білім беру мекемелері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бастау алған STEAM білім беру технологиясын жүзеге асыруды көздеп отыр. Осы талаптарға сай маман оқытып шығару мақсатындағы алғашқы қадам робототехника зертханасының ашылуы. Екіншіден, қазір ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған уақыты. Бұл бағытта бүгінде әлемде қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бір ғана Азияда бес миллионға жуық мектеп оқушысы робототехникамен айналысып жатқандығы көп нәрседен хабар беріп тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Marwin брендімен жабдықталған жиынтықтар арқылы студенттер теория мен тәжірибені ұштастыра алады. Сонымен қатар заманауи құралды терең меңгере түседі. Бір бұл ғана емес. Компьютерлік бағдарламалар арқылы жұмыс істейтін бөлшектерден түрлі роботтар жасауға болады. Бұл – шығармашылықтың тың түрімен айналысуға мүмкіндік береді.

– Робот техникаларымен жұмыс істеу баланың ойлау қабілетін дамытып, өзге пәндерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізеді. Университет студенттері Lego құрастырмалы бөлшектерінен арнайы бағдарлама арқылы өздігінен жүретін түрлі роботты көліктер, түрлі кедергілер кездессе де өз бағытынан таймайтын танкілерді құрастыруды үйренуде. Олар бастапқыда шағын машиналар құрастырып, кейіннен күрделі бағдарламаларға көшеді. Мақсат –болашақ педагог мамандарға робот техникаларын құрастыруды жете таныстыру, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге машықтандыру.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ