10 Желтоқсан, 2018

Қарағандылықтар «ҚазРобоСпорт» чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында «ҚазРоботикс-2018» халықаралық фестивалі аясында «ҚазРобоСпорт» чемпионаты өтті. Жас техниктердің бұл сайысында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан жалпы саны 250 оқушы бақ сынасты.

Қарағандылықтар «ҚазРобоСпорт» чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды

Осы чемпионатта құрамында «Болашақ» колледжінің студенттері, Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың, №№39, 16 және 83 орта мектептердің оқушылары бар Қарағанды облысының командасы тамаша өнер көрсетіп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің гран-при сыйлығын жеңіп  алды. Екінші жүлдеге Атырау облысының ұжымы ие болса, үшінші орын Батыс Қазақстан облысының командасына бұйырды.

Қарағандылықтардың жеңісіне «Болашақ» колледжінің қосқан үлесі мол. Себебі, осы оқу орнының базасында облыстық іріктеу сайыстары мен команда мүшелерінің дайындықтары өткен болатын.

– Робот техникасы – болашақтың кәсібі. Осы бағытты дамытуға екі жылда біздің мекеме 4 млн теңгеден астам қаражат бөлген. Бұл қаражатқа заманауи бағдарламаланатын конструкторлар сатып алынды, – дейді «Болашақ» колледжінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Ғайни Мамыраева.

Қызылжарда өткен фестивальдің бас әріптесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры болды.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ