Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Ақтөбе облысында Тәуелсіздік күніне орай 32 әлеуметтік нысан ашылады

1083 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев желтоқсан айында өтетін алдағы мерекелерге дайындық мәселесі бойынша жиын өткізді.

Ақтөбе облысында Тәуелсіздік күніне орай 32 әлеуметтік нысан ашылады

Ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мәлімдегендей, 20 қарашада басталған Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар 17 желтоқсанда аяқталады.

Бұл күндері облыста 250 мыңға жуық адамды қамтыған 400-ден аса ауқымды мәдени-көпшілік, әлеуметтік маңызы бар шаралар өтеді. Елдің басты мерекесі қарсаңында 32 жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандарды ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, екі мектеп, бес балабақша, бес көпқабатты тұрғын үй, ауылдарда төрт газбен және сумен жабдықтау нысандары, оңалту орталығы, екі спорттық нысан мен т.б. пайдалануға берілмек.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған және көп балалы отбасыларды, мүгедектер мен әлеуметтік жағынан алжуаз топтарға жататын басқа да азаматтарды қолдап, материалдық көмек көрсетуге баса назар аударуды тапсырды.

 «Мемлекеттің қамқорлығы мен мерекелік көңіл-күйді әрбір отбасы, әрбір ақтөбелік сезінуі керек»,-деді өңір басшысы.

Жиын кезінде сондай-ақ, Жаңа жылға дайындық және оны өткізу шараларының жоспары да қаралды.

Ақтөбе қаласы әкмінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың сөзінше, облыс орталығының көшелерінде 17 желтоқсаннан бастап елуден аса жаңа жыл шыршалары орнатылып, мерекелік жарықтандырулар ұйымдастырылады. Абай даңғылын безендіретін бас шыршаның биіктігі отыз метр. Оны 18 желтоқсанда салтанатты түрде жағады деп жоспарланып отыр. Жаңажылдық шыршалар сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта, Арбатта, «Батыс-2» (Мұз сарайы жанындағы) және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алаптарында орнатылады.

Орталық стадион ауданында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұз қалашығы ашылды. 14 желтоқсаннан бастап қала бойынша барлығы 48 мұз айдыны жұмыс жасай бастайды. 80 мыңнан астам балаға мыңнан аса жаңа жылдық ертеңгіліктер өтеді.

31 желтоқсан күні тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы саябақта, «Батыс-2» және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алаптарында алғаш рет басты мәдени-көпшілік жаңажылдық шаралар мен мерекелік от шашулар ұйымдастырылады. Бұдан басқа, мейрамдар алдында қаланың түрлі нүктелерінде азық-түлік өнімдерінің кең таңдауы арзан бағамен сатылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі.

Өңір басшысы мерекелік шараларды жоғары деңгейде өткізу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.