Хоккей • 11 Желтоқсан, 2018

ҚХЛ: «Амурға» әліміз жетпеді

375 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Хабаровскіде өткізген «Барыс» жергілікті «Амур» командасынан жеңілді.

ҚХЛ: «Амурға» әліміз жетпеді

Астаналық хоккейшілер ойынды өте қарқынды бастады. Кездесудің 3- минутында Кертис Волк гол соғып, «Барысты» алға шығарды. 14-минутта таразы басы теңесті. Бұл голдың авторы – Игорь Руденков. Үзілістен кейін қос команданың ойыншылары жиі-жиі шабуылдағанымен, бір-бірінің қақпа кілтін таба алған жоқ. Дәл осы жағдай үшінші кезеңде де қайталанды. Тек бәсекенің аяқталуына екі минуттай уақыт қалғанда Томаша Загорна нысананы дәл көздеп, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Есеп – 2:1.

Бұл күндері ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде «Барыс» 8-орынды иеленуде. Олар 36 ойыннан кейін 50 ұпай жиды. Бүгін жерлестеріміз Қытайға сапар шегіп, «Куньлунь Ред Стар» клубымен күш сынасса, одан кейінгі үш кездесуді Астанада өткізеді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар