Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған XXXV халықаралық турнир өтеді

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17-21 желтоқсан аралығында Қарағандыда бокстан белгілі қоғам қайраткері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған XXXV халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. 

Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған XXXV халықаралық турнир өтеді

Жыл сайын осы турнирге спорт жұлдыздар келіп, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп кетеді. Өзгелерді айтпағанда, АҚШ-тың даңқты боксшысы, кәсіпқой рингтің көкжалы Рой Джонстың өзі көмірлі өлкеге бір емес, бірнеше мәрте табан тірегені есімізде. Биылғы жарысты тамашалау үшін германиялық боксшы Кристина Хаммер және ресейлік кинорежиссёр және сценарист Олег Степченко мен актер Игорь Жижикин Қарағандыға ат басын бұрмақ.

Есімдері жоғарыда аталған азаматтардың алғашқы екеуі бізге бөтен емес. Мәселен, Кристина Хаммер 1990 жылы Қарағанды облысының Новоподолинск кентінде дүниеге келді. Балауса кезінде ата-анасымен бірге Германияға қоныс аударды. Дортмундта жүріп, бокстың қыр-сырына қанықты. 2009 жылы кәсіпқой рингке қадам басты. Сол уақыт аралығында 24 кездесу өткізіп, бірде-біреуінде жеңілген жоқ. Бұл күндері Кристина бірқатар белді нұқсалар бойынша әлем чемпионы атанып отыр.

Олег Степченко 1965 жылы Қарағанды қаласында туды. В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемөнер институтын аяқтап, еңбек жолын сол жақты бастады. Бірқатар жақсы фильмдер түсіріп, мықты сценарийлер жазды. Ал Мәскеудің тумасы Игорь Жижикин болса, Голливуд пен Ресей киносында танылған өте шебер актер.  

Биыл 35 мәрте ұйымдастырылғалы отырған Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған турнирде бұл жолы Қазақстаннан бөлек, Ресей, Моңғолия, Қытай, Таиланд, Өзбекстан және Қырғызстанның белді былғары қолғап шеберлері бақ сынайды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»