Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Таразда сатушысы жоқ дүкен ашылды

904 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоғамды адалдыққа үйрету, жастарды жақсылыққа баулу мақсатында Тараз Мемлекеттік педагогикалық университетінің ғимаратынан «Адалдық дүкені» ашылды. Аталған дүкеннің өзге сауда нүктелерінен бір ерекшелігі – мұнда сатушы жоқ. Білім ордасында орналасқан ерекше дүкеннің жұмысымен Жамбыл өңіріне жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мен еліміздің Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова арнайы келіп танысты.

Таразда сатушысы жоқ дүкен ашылды

Өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесіне негізделген ерекше дүкеннен оқытушылар мен студенттер өздеріне қажет заттарды таңдап алып, ақшаны сондағы арнайы қорапқа салады екен. Сондықтан да сатушысы жоқ бұл дүкен тек адалдық қағидалары бойынша жұмыс істейді. Ал, аталған университеттің студенті Ерсұлтан Нүсіпжановтың айтуынша, дүкеннен әрбір азамат өзі таңдаған заттарды алумен қатар, кітап оқуға да мүмкіндігі бар екен. «Мұндағы мақсат – қоғамды адалдыққа үйрету. Әсіресе жастар үшін бұл өте жақсы бастама болды деп ойлаймын», дейді ол.

Сатушысы жоқ ерекше дүкен жастарды адалдыққа баулитыны сөзсіз. Дүкен ішінде жастарды жақсылыққа үндейтін «Адалдық алаңы», «Тауарды таңда, ақшасын төле және қайтарымын ал. Біз сенің әлеуметтік жауапкершілігіңе сенімдіміз» деп жазылған.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы