11 Желтоқсан, 2018

Маңғыстау облысының әкімдігі Халықаралық жасыл технологиялар орталығымен меморандумға қол қойды

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (ХЖТИЖО) жетекшісі Рәпіл Жошыбаев өңірге жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар енгізу мақсатында өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Маңғыстау облысының әкімдігі Халықаралық жасыл технологиялар  орталығымен  меморандумға қол қойды

Ұсынылған құжат Маңғыстау өңірінде іске асырылатын жобаларға қатысты мәселелердің кең спектрін қарастырады, оның ішінде:тұрақты даму, экология, жаңғыртылатын энергия көздерін құрастыру, энергия тиімділігі және энергия үнемділігі, сандық жүйеге көшу, қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу жобалары.

Биыл тамыз айында Маңғыстау облысында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының қолдауымен 42 МВт қуаты жел электр станциясының құрылысы басталды.

Кездесу барысында ХЖТИЖО жетекшісі Рәпіл Жошыбаев бұл бағытта Маңғыстау өңірінде белсенді жұмыс жүргізілуде, сондықтан Орталық мүмкіндіктерін энергиялық және экологиялық мәселелерді шешудің оңтайлы нұсқаларын табуға арналған жан-жақты алаңға айналдыру керектігін айтып өтті.

Осы мақсатта меморандумға қатысушы тараптар ақпарат алмасу,өңірдегі кешенді жобаларды іске асыруға көмектесу, инвестициялық, экологиялық, инновациялық және жасыл экономиканы дамытуға арналған ғылыми-білім жобалар барысында бірігіп жұмыс атқаруға келісті.

Техникалық және әкімшілік қолдау аясында, сонымен қатар жасыл инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында ХЖТИЖО «бір терезе» қағидасы негізінде мүдделі тараптарға қызмет атқарады.

«ХЖТИЖО» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұрасы және инфрақұрылымдық базасы негізінде Елбасының бастамасымен құрылып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жалпы Ассамблеясының 70 жылдық мерейтойында атап өтілді.

Орталық XI Астаналық Экономикалық Форум – GLOBAL CHALLENGES SUMMIT аясында 2018 жылы 17 мамырда таныстырылды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы