Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2018

Шытырман оқиға жазудың жүйріктері анықталды

983 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Алматы қалалық сотының 50 жылдығы, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шытырман оқиғалы шығармалар байқауының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Шытырман оқиға жазудың жүйріктері анықталды

Негізі 1994 жылы қаланған «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС еліміздегі құқықтық салаға арналған республикалық «Заң газеті» және  «Юридический газета» басылымдары және екі тілде «Заң» және «Фемида» ғылыми журналдарын жарыққа шығарып келеді.  

Қазақ прозасының кенжелеп қалған жанрына оқырмандар нарзарын аударуды мақсат ете отырып Алматы қалалық сотының қолдауымен  «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС-і осы игі шараны ұйымдастырған-ды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам үміткер  шығармалары жолдаған. Байқаудың жүлде қоры 1 000 000 теңге.   

Байқауға ақын, публицист, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Заң газетінде» ұзақ жыл жұмыс істеп, құқық тақырыбына қалам тербеп, детектив жанрындағы шығармаларын жинақ етіп жариялаған белгілі журналист Елеусіз Мұрат және ақын, журналист-жазушы Серік Сарыбаев қазылық жасады.

Байқау нәтижесінде жүлделі ІІІ орын Әсем Жұмахан, Еркеғали Бейсенов және Қуандық Шамахай сынды авторларға бұйырса, ІІ орынды /200 000 теңге/ Жанар Жанапиянова еншілесе, І орынға /500 000 теңге/ белгілі журналист, жас драматург, «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Әлібек Байболдың «Миллион» атты шығармасы лайық деп танылды.  Байқауға қатысқан 5 үміткерге ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ