Президент • 13 Желтоқсан, 2018

Елбасы бірқатар мем­ле­кет­тің елшілерінен Сенім грамотасын қабылдады

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мем­ле­кет­тердің Қазақстанға жаңадан тағайындалған елшілерінен Сенім грамотасын қабылдады.

Елбасы бірқатар мем­ле­кет­тің елшілерінен Сенім грамотасын қабылдады

Рәсім барысында Президент Н.Назарбаевқа Ауғанстан Ис­лам Республикасының елшісі Мохам­мад Фархад Азими, Қырғыз Республи­касының елшісі Жээнбек Кулубаев, Литва Республикасының елшісі Гинтаутас Васюлис, Иран Ислам Республикасының елшісі Маджид Самадзаде Сабер, Армения Республикасының елшісі Гагик Галачян Сенім грамотасын табыс етті.

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қыз­мет­терінің ресми түрде басталуымен құттықтап, бүгінгі салтанатты рәсімнің Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәніне тоқталды.

– Біз 27 жыл ішінде экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан заманауи мемлекетке айналдық. Бүгінде елімізде бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән береміз. Әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатымен ауқымды бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырып келеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ха­лықаралық және өңірлік қақты­ғыс­тарды шешу жөніндегі қызметіне ерекше тоқталып, соның бір айғағы ре­тінде Сирияда бейбітшілік орнатуға ба­ғыт­талған «Астана процесін» атап өтті.

– Әлемде әскери қақтығыс ошақтары көбейіп, санкциялық текетірес пен сау­да соғысы өршіп тұрған жағдайда өзара сенім болмаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің Қырғыз Республикасымен сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастық пен достық қаты­настарды одан әрі дамытуға ниетті екеніне тоқталып, бұл ел Орталық Азия­дағы маңызды әріптесіміз ғана емес, сондай-ақ тарихи тамырымыз тереңге жайылған бауырлас мемлекет болып саналатынын айтты.

– Біз Қырғызстанмен достыққа және өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша мән береміз. Үкіметтеріміздің осы бағыттағы тиімді жұмысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жаңа белестерге көтереді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Армениямен саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық өзара сенім мен құрмет рухында дамып келе жатқанын айтып, Астана мен Ереванның Еуразия экономикалық одағы аясындағы байланыстарының перспективасына ерекше тоқталды.

– Соңғы жылдары өзара тауар ай­налымының көлемі артып келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 68,4 пайызға жетті. Со­нымен қатар елдеріміздің сауда-эконо­мика саласындағы әлеуетін толық пай­даланған маңызды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Иран өңірдегі Қазақстанның маңызды серіктесі саналатынын айтып, Тегеранмен көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар өндіру және металлургия салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды.

– Ақтауда қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келісімнің сақталуын және оның әрі қарай тиімді жүзеге асырылуын құптаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің Ауғанстанмен қарым-қатынасы достық пен өзара түсіністік рухында ілгерілеп келе жатқанына тоқталып, Қазақстан бұл елдегі жағдайды тұрақтандыруға, оны әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан дамытуға елеулі үлес қо­сып отырғанын атап өтті.

– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде Ауғанстан мәселелерін шешуге атсалысып келеміз. Кабулға жыл сайын қаржылай, техникалық және гуманитарлық көмек көрсетілуде. Ауған жас­тарына арналған білім беру бағ­дар­ламасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ біз Кабулға азық-түлік тауарларын жеткізетін негізгі елдердің бірі болуға әзірміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің Литвамен ық­пал­дас­тығының бүгінгі деңгейін жо­ғары бағалап, көлік-тран­зит сала­сындағы ынты­мақтастық, сондай-ақ Астана мен Вильнюс арасында тікелей әуе қатынасының ашы­луы екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік бе­ретінін айтты.

Соңында Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы жауапты әрі мәртебелі миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, олардың қызметтері елдеріміз ара­сындағы ынтымақтастықты да­мытуға зор үлес қосатынына се­нім білдірді.

Бұдан кейін Қазақстанда дип­ломатиялық миссиялары жаңадан басталған елшілер журналистерге арнап брифинг өткізді.

Бірінші кезекте сөз алған Ау­ғанстан Ислам Респуб­ли­ка­сы­н­ың елшісі Мохаммад Фархад Азими Қазақстан халқына өз елінің ыстық сәлемін жолдай оты­рып, екі елдің өзара ынты­мақтастығы жыл өткен сайын ны­ғайып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстан тарапы Ауғанстанға түрлі бағыттар бо­йын­ша үлкен қолдау көрсетіп ке­ле жат­қанын атап өтті әрі елімізді ұлық мерекеміз − Тәуел­сіздік кү­німен құттықтады.

Қырғыз Республикасының елшісі Жээнбек Кулубаев Қа­зақ­стан-Қырғызстан байланыс­тары өз деңгейінде екенін, тарап­тардың арасындағы сауда-экономикалық және гума­ни­тар­лық бағыттардағы қарым-қаты­нас екі елдің өзара ынты­мақ­тастығын көрсететінін сөз етті. Оның айтуынша, Қазақ­стан­ның шетелден инвестиция тар­ту, экономиканы цифрланды­ру, кластерлер құру ісіндегі мол тәжірибесі Қырғызстан үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, ол бауырлас мемлекеттердің ара­сындағы рухани байланыстың та­рихы жоғары деңгейде жал­ға­сын тауып отырғанын айта келіп, белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы Қазақстанда кең көлемде аталып өткенін, оның есімі Астана көшелерінің біріне берілгенін, бұл шараларға Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың баса назар аударғанын жеткізді.

Сондай-ақ брифингте Литва Республикасының елшісі Гин­таутас Васюлис, Иран Ислам Рес­публикасының елшісі Мад­жид Самадзаде Сабер, Армения Рес­публикасының елшісі Гагик Галачян өз елдерінің Қазақ­стан­мен ынтымақтастығын одан әрі арттыра түсуге күш-жігерлерін жұмсайтынын жеткізе келіп, барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

 

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»