Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2018

Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсе ашылды

641 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында «Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. Бастама мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында қолға алынып отыр.

Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсе ашылды

Жұмыс сапарымен мұнайлы өңірге келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов аймақта сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту, жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастыру, Атырау облысындағы мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін нығайту кеңсе жұмысының басты бағыты екенін айтты.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов пен барлық мемлекеттік орган басшылары, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін осындай жобалардың қажеттілігіне назар аударды.

Сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесі жұмысын бастады.

Университетте «Адалдық дүкені» де ашылған. Оның басқа сауда орындарынан ерекшелігі - сатушысыз сауда жүргізіледі, тұтынушы сатып алған тауарының ақшасын сол жердегі арнайы ыдысқа салады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».