Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Шағын және орта бизнесте көшбасшы

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қызылорда облысында 51 956 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген, оның ішінде 42 066 жұмыс істеп тұр.

Шағын және орта бизнесте көшбасшы

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,7 пайызды құрады. Бұл - республикада ең жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі тіркелгендер санының 80,9% - іне жеткен. Жеңіс оңай келмейді.

Облыста жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» әзірленді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттен, банктер мен қорлардан 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде стартап-жобаларға 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Жаппай кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдық жерлерде дамытуға өңірде басымдық беріліп отыр. Облыстың әрбір ауылдық елдімекеніне жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшыларынан шағын және орта бизнесті дамытуға жауаптылар бекітілді.

Облыста кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау мақсатында Кәсіпкерлер үйі ашылды. Мұнда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, екінші деңгейлі бірқатар банк филиалдары және өзге де мекемелер орналастырылған. Сондай-ақ, аймақтың кәсіпкерлері үшін электрондық қызмет түрлерін тегін алуға болатын онлайн-кабинет жұмыс істеп тұр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ