Қазақстан • 17 Желтоқсан, 2018

Көкшедегі тәуелсіздік тойы

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналған салтанатты шара өткізілді. Алдымен облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің қол жеткізген толайым табыстарына тоқталып, ел бірлігін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттырудағы ақмолалықтардың қол жеткізген табыстарын саралады.

Көкшедегі тәуелсіздік тойы

Еліміздің ұлық мерекелерінің бірі – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара мемлекеттік Туды салтанатпен әкелуден және Әнұранмен басталды.

–Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан келешегі кемел, болашағы бекем, қуатты мемлекет құрды,–деді облыс әкімі.

Мұнан соң Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғанындай өткен тарихты білмей, болашаққа бағдар ұстанудың қиындығын айтып, мақтаныш етер тарихи жетістіктерімізді насихаттаудың жөні бөлек екендігін тілге тиек етті.

Тәуелсіз мемлекетімізде алғашқы Қорғаныс Министрі болып біздің жерлесіміз, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың қызмет атқаруы ақмолалықтар үшін зор мақтаныш. Ақмола облысының тәуелсіз елдің дамуына қосып отырған үлесі де айта қаларлықтай. Биылғы жылдың өзінде тоғыз мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды, көптеген ірі инвестициялық жобалар іске қосылуда. Еліміздің ірі, іргелі өндіріс орны санатындағы – «Көкшетау-Алтынтау», «Степногорск подшипник зауыты», «Көкшетау минералды сулары» тәрізді кәсіпорындар өндіріс көлемін арттырып, саланы дамытуға айрықша үлес қосуда.

–Биыл ақмолалық диқандар 5,6 миллион тонна астықты қамбаға құйып, гектар берекесін 13 центнерге жеткізді,–деді облыс басшысы,–жыл соңына дейін облыста бес мың пәтерге пайдалануға берілетін болады. Облыс орталығында 900 орындық ІТ мектеп-лицейі ашылды. Алдағы жылдары үш мың орындық жатақхана салынбақшы. Осының барлығы ел тәуелсіздігінің арқасында.

Мұнан соң облыс әкімі еңбекте ерекше көзге түскен бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Тәуелсіздікке арналған салтанатты жиындар облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында болып өтті.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше