Қазақстан • 17 Желтоқсан, 2018

Татарстандағы қазақ студенттері Тәуелсіздік күнін атап өтті

507 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесін Ресей Федерациясының Татарстан Республикасында білім алып жүрген қазақстандық студенттер де атап өтті.

Татарстандағы қазақ студенттері Тәуелсіздік күнін атап өтті

Қазан қаласындағы «Халықтар достығы» үйінде өткен шараға Татарстандағы қазақ диаспорасы өкілдері, студент-жастар және мемлекеттік мекеме өкілдері де қатысқан.

Қазан университеті тарих және халықаралық қатынастар факультетінде түркітану мамандығына оқып жүрген 3 курс студенті, осы шараны ұйымдастырушылардың бірі Розалия Елжасова мерекелік салтанатты шараға Қазақстаннан барған өзге ұлт өкілдері, тіпті татарстандық жергілікті жастар да белсене қатысқанын айтады. Айта кетейік, Розалия Рафхатқызы – Қазандағы қазақ қауымдастығы жастар қанатының жетекшісі.

Қазақстанның әр түкпірінен жиналған жастар Отанының ең ұлық мерекесіне орай концерттік бағдарлама әзірлеп, бар өнерін көрсетті.

- Отанымыздан алыста жүрсек те осынау мереке күнді біз бүкіл қазақстандықтармен атап өткіміз келді. Өйткені осыдан 27 жыл бұрын қол жеткен тәуелсіздік пен азаттық – қазақ халқының талай жыл бойы күрескен арманы еді, - дейді Розалия Елжасова.

Шараның өтуіне Қазандағы «Қазақстан» қоғамының төрағасы Сағит Жақсыбаев, «Халықтар достығы» үйінің басшылығы қолдау көрсеткен.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»