Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Ынтымақтастық деңгейі жоғары

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жапония Императоры Акихитоның туған күніне орай аталған елдің Қазақстандағы елшілігі қабылдау рәсімін өткізді. Салтанатты шараға шенеуніктер мен өзге елшілік өкілдері жиналды.

Ынтымақтастық деңгейі жоғары

Жапонияның жоғары мәр­тебелі Императоры 23 жел­тоқсан күні 85 жасқа то­ла­ды. Айта кету керек, ал­да­ғы жылы императордың би­лік басында жүргеніне 30 жыл толмақ. Сәйкесінше, ке­лесі жылдың сәуірінде өз орнын босатып, мамырда мұрагер ханзада таққа отырады. Бұл өзгерістер Қазақстан мен Жапония мем­лекеттері арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етпейді. Биылғы жыл­дың өзінде әртүрлі саланы қам­тыған екі ел арасын­дағы бай­­­ланыс нығая түсті. Қа­зақ же­рінде Жапония ел­шілігінің мұрындық болуы­мен Астана қаласының 20­ жылдығына арналған ха­лық­аралық конференциялар мен симпозиумдардан бө­лек бірнеше іс-шара өт­кізілген.

Жалпы байланыс аясында экономика, сауда және инвес­тиция мәселелері тал­қыланып, ортақ келісімдер жа­салған. Бұған дейін Алматы мен Ас­танада жаңадан жапон зауыт­тары ашылып, бірлескен кәсіпорындар құрылды.

– Жапония мен Қазақстан БҰҰ мен басқа да саяси алаң шеңберінде белсенді түрде бір­лесе қызмет атқарып ке­леді. Сонымен қатар халық­аралық аренада серіктес ел­дер.­ Біз Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін жоғары бағалаймыз, – деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата.

Қазақстан тарапынан сөз­­ алған еліміздің сырт­қы­­­­ істер вице-министрі Ер­­жан Ашықбаев қос ел гео­­гра­­­фиялық жағынан алыс болғанымен, өзара ынты­мақ­тастық пен дамудың қарқын алып келе жатқанын тілге тиек етті. «2018 жылдың со­ңында Жапонияның Қазақ­станға құйған тікелей инвес­тициясының көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтуге болады»,  деді ол.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»