Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2018

Шымкентте БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті

582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте Тәуелсіздік мерекесіне орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында «Тәуелсіздік – тірегім» атты шағын футболдан республикалық турнир өтті. Қала әкімінің кубогына арналған сайысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай ресми түрде ашып, теңбіл доп додасына қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Әрі шығармашылықпен қатар салауатты өмір салтын ұстанып жүрген тілшілер қауымына сәттілік тіледі.

Шымкентте БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті

Шымкенттің еліміздің үшінші миллионды қаласы атануына орай тұңғыш рет өткен республикалық турнирге Астана, Алматы, Шымкент пен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының журналистерінен құралған 13 команда қатысты.

Ел тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында жалауын көтерген футбол аламанына  2 миллион теңгеге жуық қаржылай жүлде қойылды.

3 топқа бөлінген 13 команда арасынан кіл мықтылар іріктеліп шығып, жартылай финалында Алматылық «Аламан» жəне «Апорт» командалары кездесті. Нәтижесінде 3-1 есебімен «Аламан» командасы жеңіске жетті.

Ал, екінші жартылай финалдық кездесуде Қызылордадан келген «Ақмешіт» және «Хабар» телеарнасының Астана командасы кездесіп, 1-5 есебімен «Хабарлықтар» басым түсті.

Финалда «Аламан» және «Хабар Астана» командалары кім мықтыны анықтады. Аса тартысты өткен кездесу 0:1 есебімен «Хабар Астана» командасының пайдасына шешілді.

Сонымен, «Хабар Астана» командасы шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Шымкент қаласы әкімінің Кубогы үшін өткен республикалық турнирде жеңіске жетіп, 1 миллион теңгенің жүлдесін ұтып алды. Жарыс жеңімпаздарын Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мұрат Базарқұлов марапаттады.

«Шымкент Ақпарат» ЖШС директоры, «Шымкент келбеті - Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарова жекелеген футболшыларды арнайы номинациялармен марапаттады. Олар:

Үздік шабуылшы - Берік Уәли (Жамбыл облысы);

Үздік ойыншы - Олжас Култешов (Алматы облысы, «Спорт 59» командасы);

Үздік қорғаушы - Есенжол Елекенов (Орал қаласы);

Үздік қақпашы – Алмас Манап («Егемен Қазақстан» газеті). Номинация иелеріне 25 мыңнан қаржылай жүлде берілді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»