Әдебиет • 19 Желтоқсан, 2018

Арманы Ақжайықпен үндескен қаламгер

918 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Тағдырдың қасірет қойтастарының арасынан қайсар әдебиет талшығы - Хамза Есенжанов жарып шықты да, тамырлы жапырақты алып бәйтерекке айналды» С.Шарабасов.

Арманы Ақжайықпен үндескен қаламгер

Биылғы жылы жазушы Хамза Ықсанұлы Есенжановтың туғанына 110 жылдығы қарсаңында елімізде қаламгердің өнегелі өмірі мен шығармаларын насихаттау жолында көптеген ауқымды шаралар атқарылуда.

Қазақ әдебиеті тума талант иелеріне ешқашан кенде болған емес. Бұрын да болған, қазір де бар.Осындай дарын иелерінің бірі- өр тұлғалы, асқақ жазушы - Хамза Есенжанов.

Абайша айтсақ, Хамза Есенжанов - артына өлмейтұғын сөз қалдырған саңлақ суреткер, яғни өзгелерін өз алдына қойғанда, шындық пен сырға, ой мен образға, сезім мен суретке, парасат пен философияға толы бір трилогия, бір диалогия біріне бірі жалғаса, бірінен бірі туындай тұтасқан бес том тарихи революциялық романдар циклін жазып қалдырып кеткен тамаша сөз зергері.

Адам дарынының бастау көзін халқымыз «әкенің құты, ананың сүті» деп әуел бастан осы өлшеммен есептеп қойған. Одан басқа «тегі асыл, сойы бөлек» деген бағам сөздер де бар. Хамза Есенжанов - сондай өлшемнен де биік тұрған бірегей дарын иесі. Оның шығармашылығының биік шыңы - «Ақ Жайық» романы оның тілдік тұлға екендігін және табиғи дарынының тума мөлдірлігін танытатын басты көрсеткіш.

Жазушының басты шығармасы «Ақ Жайық» трилогиясы. Бұл үлкен еңбекте жазушы Батыс Қазақстан өңіріндегі революциялық қозғалысты, Кеңес өкіметінің қалай орнағанын суреттейді. Жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегі кезінде әдеби ортада лайықты бағасын алды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов трилогияға «Еуропа үлгісінде жазылған тұңғыш шығарма» деп баға берді.

Жазушының жастық шағы ағайын мен бауырды екі топқа бөліп, жаға жыртыстырған, қан төгістірген, сонымен қатар дүниені дүр сілкіндіріп жаңалығын да әкелген, жаңа қоғам құрған жиырмасыншы ғасырдың 20-30 жылдарымен тұспа-тұс келді. Есенжанов Хамза Ихсанұлы 1908 жылы 25-ші желтоқсанда  Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында туған.

Келер ұрпаққа мол мұра қалдырған қайтпас қайсар қаламгердің 110 жылдығына орай С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы  «Жайық жыршысы» атты тарихи - танымдық кешін өткізді.  Жалпы оқырман қауымға арналған «Арманы Ақжайықпен үндескен қаламгер» библиографиялық ұсыныстық көрсеткіш шығарып отыр.

Артына өшпес мұра қалдырған Хамза ағаның өзі өлсе де, артында жоқтаушысы бар қазақ халқы, әдебиет сүйер ұрпағы барда ешқашан өлмейді және өлмек емес. Алмағайып заманда өмір кешіп, өзі туған өңірдің тұтас бір тарихи кезеңі мен тұлғаларын мәңгілікке сомдап кеткен дархан дарын, пайымды парасат иесі ұрпақтар есінде мәңгі сақталып, шығармалары мәңгілік рухани мұра болып қала береді.

Д.Рахимова,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының библиографы