Медицина • 20 Желтоқсан, 2018

Аз үйлі ауыл халқы неліктен көшкісі келмейді?

496 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Экономика басқармасының деректері бойынша өңірдегі елді мекендердің 160-ы әлеуеті жоғары, 482-сі әлеуеті орташа, ал 22-сі әлеуеті төмен топқа жатқызылған.  

Аз үйлі ауыл халқы неліктен көшкісі келмейді?

Соңғы он жыл төңірегінде аймақ картасынан 48 ауыл жойы­лып, орны ойсырап қалған. Былтыр төрт ауылдың тұрғын­дары басқа жерлерге көшіріл­се, биыл бұл көрсеткіш он есеге көбейген. Басқарманың ауыл­­дық аумақтарды дамыту бө­лімі­нің жетекшісі Жанар Ах­мие­ва­ның айтуынша «Қазақ­стан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес халқы­ның саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныс­тар ең жақын маңдағы елді ме­кен­­нің құрамына енгізіледі. Өйткені оларды қаржыландыру эконо­микалық жағынан тиімсіз санал­ған­дықтан ешқандай қолдау көрсетілмейді. 

Облыста осындай 103 ауыл болса, 17-сі шекара маңын­­да орналасқан. Тұрғын­дар­­­дың өмір сүру деңгейі қана­­­ғат­­танарлық, әлеуметтік ны­сан­дар толық жұмыс істей­тін жерлерге көшірілуі ерік­ті түрде жүзеге асырылады. Тұра бергісі келетіндерге шектеу қойылмайды. Жергілікті атқарушы органдар өңір­дің әлеуметтік-экономикалық даму мониторингін жүргізіп, ке­ле­шегі күмәнді-ау деген ауыл­дарды тағы бір нақтылап шыққан. Соған орай адамдар саны 10-нан аспайтын 38 елді мекенді жою жөнінде шешім қабылданып, оңтайландыру шаралары баста­лып кеткен. Бұларда инфра­құры­лым­дар тоқтап тұр. 5 ауылға ауыз су тасып жеткізілсе, 33 ауыл орта­лықтандырылмаған су жүйесін тұтынады. 

Жуырда қоғамдық кеңес отырысында тағы 15 ауылдың жайы қаралып, ұсыныс облыс­тық мәс­ли­хаттың қарауына жіберіліпті. 

Солардың бірі – Есіл ауданында орналасқан шөбі шүйгін, топырағы құнарлы Калиновка. Мұнда 3 отбасы ғана тіршілік етеді. Кезінде 300 тұрғын болды, сауын фермасы, мал бордақылау алаңы жұмыс істеді дегенге сену қиын. Пашковтар отбасы кіндік қаны тамған жерден кеткілері келмейді. Отағасы Сергей әйелі Галина екеуі ірі қара малдарын өсіріп, ешкімге салмақ салып отырған жоқ. Бірі жалға берілген көлді бақыласа, екіншісі хат-хабар тасумен айналысады. Қатты қинайтыны – жол қатынасы. Нө­­серлі жауын-шашындарда «Нива» көлігінің өзі батпақтап қа­­лады. Қоныс аудару жайлы әңгіме шыққалы кіндік кескен жерге әбден бауыр басып қалған қимастық сезімнен арыла алмай жүр. Әлдебір алаңдаушылық, беймаза күй де көңілге маза берер емес. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтың халін кешкендей сезінеді өздерін. Келешекті ойласа, алды тұман, арты жар сықылды. Қайда аттың басын тіремек – ол жағы белгісіз. Көрші Аманкелді ауылына көшу туралы ұсыныс айтылғанымен, ондағылардың да аузынан ақ май ағып, шылқып отырмағаны белгілі. Көшіру жұмыстары қандай қаражат есебінен атқа­рылады, бас­пана, жұмысқа орналасу жайы қалай шешіледі деген сауалдарға жергілікті биліктегілердің екі­ұштылау жауап берулеріне қара­ғанда шетін жайттар аз емес тә­різді. Оседлое елді мекенінің ке­бін киіп қаламыз ба деген қауіп те жоқ емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәдениет ауылының тұр­ғындарын Оседлоеге көшіру жөніндегі бұйрық сайтандай сап ете қалған. Шаш ал десе, бас алатын кей атқамінерлер тарапынан айтқанға көнбесеңдер электр қуатынан ажыратып тастаймыз деген сықылды нешетүрлі қысым көбейген. Қырда астығын өсіріп, ойда малын бағып отырған 9 үйлі ауыл қоқан-лоққыдан ыға қоймаған. Күштеу-зорлауға бой бермеген күйі күрежолдың бойындағы ежелгі тұрағында қала берген. Қазір түтіні түзу. Қымыз, балық өндірумен де айналысады. Ал «мақтаулы» Оседлоеңіз тарап тынған. Бұдан шығатын қорытынды, оңтайландыру саясатына мемлекеттік мүдде тұр­ғысынан байыппен қарамаса сападан гөрі санға жүгіру салдарынан төрт аяғынан нық тұрған аз үйлі елді мекендер қосақ арасында кетіп қалуы ғажап емес. Осы ауданға қарасты Бірлік ауылы да кезінде «қара тізімге» ілігіп, тараудың аз-ақ алдында тұрғанда сырттан келген ағайындар орналастырылып, бастауыш мектеп қайта ашылып, тіршілік тамырына қан жүгірген. Сондықтан түпкілікті шешім қабылдамас бұрын ел-жұрттың ой-пікірлері жан-жақты сараланып, қиындықты еңсерудің ұтымды жолдары бір­лесіп қарастырылғаны дұрыс. Екіншіден, құлаққа түрпідей тие­тін, жүрекке инедей қадалатын «бо­­лашағы жоқ» елді мекендердің не­гізгі ауыртпалығын жергілікті жер­лерге арта салу толғақты проб­лемалардың жібін то­лық тарқата алмасы анық. «Ауылдарды тарату, көшіру, жұмыспен қамту мін­деттері аудандық әкімдіктерге жүк­­телгенімен, оған қауқары жете бермейді. Сондықтан Үкімет республикалық қазынадан қаржы қарастырған жөн», дейді көшуге бейіл, бірақ мүмкіндігі жоқ тұр­ғындар. Шекаралас аймақтағы Ян­цино ауылында жалғыз ғана шо­шайып қалған отбасы да өз кү­шімен көшуге дәрменсіз болып отыр.

– Жаңалық пен Орталық ауыл­дарын көшіру шығындары республикалық қазына есебінен өтелген болатын. Қазір жаңа бағдарламаға сәйкес бұл міндет­тер жергілікті билік орындарына жүктелген. Егер сіз айтқан­дай Калиновка таратылған жағ­дайда әрбір отбасы мүшесіне 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төленеді. Ал жалға берілген баспананы кейін сатып алуына болады, – деді хабарласқанымызда Есіл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бекзат Ынтықбайқызы. Алайда оңтайландыру біртіндеп жүр­гі­зіледі дегеннің өзінде тұр­ғындарды көшіруге қажетті қар­жыны табуға шарасыз аудандар жоқ емес. Жамбыл ауданы Островка ауылындағы 32 тұрғынның бірі Болат Бай­телесов қартайғанда қаңғып қаламын ба деп қорқады. Шаруа қожалығында еңбек ететін әйелі екеуі азын-аулақ мал өсіреді. Отағасының еркіне салса, аудан орталығына көшуге дайын. Алайда онда үйлердің бағасы жалына қол апартпайды. Баспананы сатып алмақ түгіл жалдаудың өзі – ол үшін ауыр салмақ. Әкімдіктегілер болса нақты іс-шара жоспары қабылданбағандықтан бюджеттен қаражат қарастырылмағанын, «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасы шеңберінде бола­шағы жоқ ауыл тұрғын­дарына баспана әперу, т.б. әлеуметтік қолдау жасалып келсе, бұдан былай мұндай жеңілдіктер көрсетілмейтінін алға тартады. 

М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Алтай Қожахметтің ойынша алдымен қандай ауылдар келешегі күңгірт санатына жатқызылуы керек деген мәселенің басын ашып алған жөн сияқты. Оның пікірі ауылдың әлеуеті тек түтін санымен өлшенбеуі тиіс, ақылға қонбайтын ұсыныстардың ақыры орны толмас зардаптарға соқтыруы ықтимал дегенге саяды. «Даму деңгейі орташа ауылдарға қарағанда 60 түтіні ғана бар Дайын­дықтың өмір сапасы әлде­қайда көш ілгері. Тұрғындар жұ­мыспен толық қамтамасыз етіл­ген. Орташа жалақы 90 мың теңге төңірегінде. Керісінше, ахуа­лын өзім жақсы білетін кей ірі ауыл­дарда қордаланған проблемалар шешілмеген күйінде тұр. Шама келсе, жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті өрістетіп, жаңа жұмыс орындарын құрып, жер телімдерін қалталы азаматтардың игеруіне беріп, шашыратпаудың мүмкіндіктерін, сондай-ақ «Оң­түстіктен – Солтүстікке», «Сер­пін» бағдарламалары шең­берінде келетін отбасыларды, жастарды қоныстандыру ар­қылы ішкі көші-қөн үдерісіне басымдық берген абзал. Жолдау­да өңірлердегі мей­лінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыру қажеттігі әкімдерге қаратыла айтылды. Үкіметке бұл міндетті жүйелі қол­ға алып, қаржыландыру көз­дерін іздеп табу жүктелді. Де­мек, Елбасы тапсырмалары елді мекендерді ірілендіру ісін ын­таландырып, қаражатты пайдалану тиімділігін арттырары сөзсіз», дейді экономист-ғалым. Шалғайдағы Айыртау ауданында тұратын еңбек ар­дагері Тайлақ Жалмұрзенов жоғарыға қарап қол жая беру дұрыс емес. Ауылдардың жүдеу тірлігін көтеру тұрғындар мен шаруашылық жетекшілеріне де байланысты деген ойын нақты мысалдармен сабақтайды. «Ту­ған жерім Бірлестікке келген сайын көңілім көтеріліп, ерекше шабытқа бөленемін. Уақыт ағымы қанша құбылса да, құт-береке дарыған дәстүрінен айныған емес.Тәуелсіздік жылдарынан бері 65 үй тұрғызылды. Жастар саны да, бала туу көрсеткіші де артып келеді», деп шаттанады ақынжанды ақсақал. Оның бұл ойын Қамысақты ауылдық округінің әкімі Жақсылық Әб­дір­ұлы да қуаттайды. Округ құ­рамында алты ауыл болса, бірлігі бекем Бірлестік қай жа­ғынан болсын үлгі етуге тұ­рар­лық. Мұнда тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы жоқ. «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы бойынша түлек­тердің ұшқан ұяға оралуы қа­­л­ыпты жайт. Кезінде жатақхана үл­гісінде асығыстау салынған мектептің бір бөлмесі асханаға айнал­дырылыпты. Ауылдың білікті азаматы Мұхтар Қайыржановтың өз меншігіне рәсімдеп алған ескі клуб үйі асар әдісімен қалпына келтірілуде. Келесі жылы пайда­лануға беріліп, оқушылар спорт­тың волейбол, баскетбол, күрес, гимнастика, акробатика сияқты түрлерімен алаңсыз айналыса­тын болады. «Туған жер» бағ­дарламасы аясында қолға алын­ған бас­тамаға жырақта жүр­ген мектеп түлек­тері қызу үн қосып, құрылыс материалдары үшін біржарым миллион теңге жи­нап беріпті. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейдінің бір мысалы бұл! 40 шаңырақ бие байлап, қымыз, басқа да ұлттық тағамдар дайындайды. Солардың бірі – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бауыржан Әленов. Оның қосалқы шаруашылығында елуден астам жылқы, онға жуық ірі қара малы бар. Саят Оспанов жеңілдікті мемлекеттік бағдарламаға қаты­са отырып кәсіпкерлік ісін дөң­ге­летіп әкеткен. Несиеге 14 сиыр сатып алса, бүгінде екі есе­­­ге­­ дейін көбейген. Міне, «қо­лы­­ қимылдағанның аузы қи­мыл­­­дайды» деген осы. Ел десе, еме­шегі үзілетін малсақ жандар «алма піс, ауызға түстің» дәурені өткенін, бар қадір-қасиет қажырлы еңбекте, маңдайтерде жатқанын жақсы түсінгендіктен ту­ған жердің гүлденуіне қалт­қы­сыз үлес қосып келеді. Ауыл іргесін сетінетпей отырған, кез кел­ген көмекке әркез даяр тұра­тын «Жарқын СК» және «Арай-1» серіктестіктерінің басшылары­ Александр Пономарев пен Тал­­ғат Құрманғожинге деген бірлестіктердің ыстық ықыласы ерекше. Десек те, Бірлестік ауы­лының тұрғындары көп жылдар­дан бері сапалы ауыз су мен жа­ңа мектеп ғимаратына мұқтаж. Жол жайы да көңіл көншітпейді. Ур­банизация үрдісі салдарынан қордаланған әлеуметтік мәсе­лелерді өз күштерімен шеше алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұдан былай түйінді күйінде қала берсе, «болашағы жоқ» деген сы­ңаржақ ызғарлы үкімді естіп қалуымыз әбден кәдік. 

Ошақтың үш тағаны секілді билік, бизнес және тұрғындар жұмыла кірісіп, бірігіп іс-әрекет жасайтын болса, ауылдардың еңсесі тіктелетініне, тұрмысы түзелетіне еш шүбә жоқ. Сонда ел иесіз, жер киесіз қалмайды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар