Медицина • 20 Желтоқсан, 2018

Медициналық пойыздар өз жұмысын аяқтады

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үш ай бойы еліміздің шалғайдағы темір жол бекеттерінде тоқтап, елді-мекен тұрғындарының денсаулығын тегін тексерген медициналық пойыздар өз жұмысын аяқтады. Осы уақыт ішінде 41 360 адам білікті мамандардың көмегіне жүгініп, үш мыңға жуық шағын операция жасалған. Бұл туралы «Samruk-Aqparat» баспасөз орталығында өткен жоба жұмысының қорытынды жиынында айтылды.

Медициналық пойыздар өз жұмысын аяқтады

2010 жылы басталған «Медициналық пойыздар» жобасы шалғай елді-мекен тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді көздейді. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов жыл сайын жемісті жұмыс атқарып келе жатқан игілікті жоба биыл да сәтті аяқталғанын айтты.

«Биылғы жылы Президент өз Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын, әсіресе ауылдық жерлерде арттыруды тапсырды. 3 қыркүйекте жолға шыққан  «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 127 стансада тоқтап, 41 360 адамға медициналық көмек көрсетті. Мұның ішінде 6 мыңнан астам тексеру балаларға жасалды. Терапевт, тіс дәрігері, офтальмолог, маммолог және басқа да мамандарды қамтыған 10 медициналық топ 192 195 дәрігерлік қабылдау өткізді. Сондай-ақ мамандар 67 мыңнан астам диагностикалық емшара және 3 мың шағын хирургиялық операция жасалды», деді Д.Әзбергенов.

Аталған пойыздар МРТ, рентген, ФГДС, УДЗ сияқты заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған, сондай-ақ, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық аппараттардың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген.

Баспасөз мәслихатына сөз алған «Денсаулық» пойызы медициналық бригадасының бас дәрігері Арзықұл Кенжеев жоба арқылы туберкулез, қатерлі ісік және жүрек-қан тамырлары ауруларын асқындырмай, ерте анықтауға мүмкіндік туғанын айтады. Сондай-ақ ол биылғы жылы көп байқалған бес түрлі ауруды атады. Атап айтқанда дәрігерлер өңірлерде артериялық гипертония, ишемиялық ауру, қант диабеті, созылмалы бронхит және эндемиялық жемсау сияқты дерттің дендеп тұрғанын анықтаған.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және  Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың «Әлеуметтік жобалар» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып келеді.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»