Тарих • 21 Желтоқсан, 2018

Ұлытаудан табылған жәдігерлер АҚШ пен Жапонияда зерттеледі

841 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Болған Ана» мазарынан табылған көне жәдігерлер таныстырылды. Аталған мазар Ұлытау кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан.

Ұлытаудан табылған жәдігерлер АҚШ пен Жапонияда зерттеледі

Мамандардың болжамы бойынша, құнды жәдігерлер ХІІІ ғасырда салтанат құрған Алтын Орда дәуіріне тиесілі болуы мүмкін. Мұның анық-қанығын білу мақсатында материалдар АҚШ және Жапонияның ғылыми орталықтарына зертханалық сараптамаға жіберілген. Оның қорытындысы жылдың соңына таман белгілі болады.

– Қазан айында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 2 метр 35 сантиметр тереңдіктен әйел адамның сүйектері шықты. Тас табыт, өкінішке қарай, уақыт өте келе қирап қалған. Қабір ішінен алтынға ұқсас сары металдан жасалған тостаған, әшекейлер – сырға мен шашқа арналған түйреуіш табылды. Сондай-ақ, тозған мата бөлшектері – алтын жіптері бар жібек және былғары етік табылды, – деді археолог, «Халык казынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Айбар Қасеналин.

Алтыннан жасалған деп топшыланған тостағанның түбінде қызғалдақ пішінінде бедерленген өрнек бар. Мамандардың болжауынша, қабірде асыл тұқымды әулеттен шыққан әйел жерленген, ал табылған жәдігерлер мен бұйымдардың түрлері исламға дейінгі кезеңге жатуы әбден мүмкін.

– Жоба мақсаты – ортағасырлық мазарды антропологиялық тұрғыдан зерттеп, жерлеу қай кезеңде жасалғаны және жерленген әйелдің дәрежесі қандай екенін анықтау. Біз табылған бас сүйек бойынша беттің пішінін қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу орталығының директоры Түлкібай Төлеуов.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды