Хоккей • 21 Желтоқсан, 2018

Шайбалы хоккейден жастардың әлем біріншілігі басталады

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

27 желтоқсанда Канадада шайбалы хоккейден жастар арасындағы (U20) әлем біріншілігі басталады. 6 қаңтарға дейін созылатын айтулы жарыста 10 команда бес-бестен екі топқа бөлініп, өзара күш сынасады. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар.

Шайбалы хоккейден жастардың әлем біріншілігі басталады

Жерлестеріміз «В» тобында өнер көрсетеді. Қарсыластарымыз АҚШ, Швеция, Финляндия және Словакия құрамалары. Жерлестеріміз өзінің тұсаукесер кездесуін 28 желтоқсанда Суоми елінің өкілдеріне қарсы өткізеді. Одан кейін араға бір-бір күннен салып, өзге командалармен шеберлік байқасады. Топтық турнир 31 желтоқсанда аяқталып, жаңа жылдан кейін плей-офф бәсекелері өтеді. Ал «А» тобында Канада, Ресей, Чехия, Дания және Швейцария хоккейшілері күш сынасады.

Әлем біріншілігі Канаданың Ванкувер мен Виктория қалаларында өтеді. Ванкувердің «Роджерс-аренасына» 18 910 адам сыйса, Викторияның «Cейв-он-фудc» орталығы 7 006 көрерменге есептелген. Бұл бәсекелерге Джонатан Алари мен Джефф Ингрэм (Канада), Кеннетт Андерсон мен Эндрю Бруггеман (АҚШ), Андрис Ансонс (Латвия), Тобиас Бьорк пен Микаэль Шевист (Швеция), Даниэль Пражак (Чехия), Евгений Ромасько (Ресей), Максим Сидоренко (Беларусь), Петер Стано (Словакия) және Ласси Хейккинен (Финляндия) сынды әлемге әйгілі төрешілер қазылық етеді.

Осының алдындағы әлем біріншілігі АҚШ-та өткен болатын. Ол жарыста Канада топ жарса, Швеция мен айдын иелері екінші және үшінші орындарды иеленді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»