Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2018

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы өтті

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Әдебиетшілер үйінде «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиеті» тақырыбында Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы өтті.

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы өтті

Зиялы қауым өкілдері Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылап, әдеби қауымның алдында тұрған келелі мәселелерді ортаға салды. Пленумда баяндама жасаған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президент мақаласының мән-маңызына, құндылығына тоқталды. «Біз отаршылдықтың қиын-қыстауынан өткеннен кейін, өзіміздің тарихымызға өзіміз қолымыз жетпей зәру болып келген елміз. Қадыр Мырзалиев ағамыздың: «Біздің тарих бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дейтін сөзінде үлкен шындық барын қайталап айтудан жалықпаймыз. Себебі, бізге өз тарихымызды оқытпай, өзімізден жасырып, бірнеше ұрпақтың басқа ұлттардың, өзге мемлекеттердің тарихын өз тарихымыздан гөрі жетік біліп келгеніміз жасырын емес.

Біз 16 ғасырдан 19 ғасырға дейін жер бетінен Ұлы даланы қорғау кезеңінде, ұлт ретінде жойылып кетпес үшін жан-жақтан анталаған жаулармен қанды соғыс жүргізе жүріп, көп қалаларымыздан, мәдени мұраларымыздан, ежелгі көне жетістіктерімізден айырылдық, одан бергі уақытта бостандығымыз шектеліп, тарихи-өркениет жолындағы дамуымызды тоқтатып алдық... Айналып келгенде, мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өзіміздің  тарихы қаншалықты терең ұлт екенімізді танытып, өзге елдерге дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр» деп атап өтті Ұлықбек Оразбайұлы.

Биылғы жылдың 9 айында атқарылған істермен көпшілікті таныстырумен баяндамасын жалғастырған Одақ басшысы осы мерзім ішінде қазақ жазушыларының еңбектерін насихаттап, рухани, мәдени, әлеуметтік тұрғыда атқарылған шараларды тізіп өтті. Ендігі кезекте Жазушылар одағы заманауи кезеңнің жаңашыл талаптарын игеріп, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде насихаттап, жас қаламгерлерді қолдау бағытында тың бастамаларды қолға алатын болады.

Осы Пленум аясында төрағаның бірінші орынбасары Ақберен Елгезек қаламгерлер қауымын Одақ Жарғысының жобасымен таныстырып, алдағы жұмыс тәртібінің райынан хабардар етті.

Пленум жұмысы ары қарай әдебиет өкілдерінің Президент мақаласына орай айтылған пікірлері мен одақ жұмысының маңыздылығы тұрғысындағы еркін ойлармен жалғасын тапты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ